Саяқ кентіндегі бес көшеде жол жөнделіп жатыр

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынды

Балқаш маңындағы Саяқ кентінде бірден бес көшеде – Болашақ, Ғарышкерлер, Жібек жолы, Балқаш және Саялы көшелерінде автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жоба екі жылға жоспарланған және кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 

Биыл мердігерлер асфальт жабындысын фрезерлеуге кірісіп, сондай-ақ қажетті дайындық жұмыстар кешенін жүргізуде.

Жөндеудің негізгі кезеңі келесі жылға жоспарланған. Жобаға енгізілген учаскелерге жаңа асфальт қабаты төселіп, жол жабыны тиісті жағдайға келтіріледі.

Жобаның жүзеге асырылуы кенттегі автомобиль жолдарының сапасын жақсартып, тұрғындардың жүріп-тұруын қолайлы әрі қауіпсіз етуге, сондай-ақ Саяқтың көше-жол инфрақұрылымының жағдайын жақсартуға оң әсер етеді деп күтілуде.