Жыл басынан бері Қарағанды облысының 22 мыңнан астам тұрғыны жұмысқа орналасты. Олардың жартысынан астамын жастар құрайды. Өңірде жаңа мамандық игеруге, өз кәсібін ашуға және мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік жасалып отыр.

Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың нәтижелері мен еңбек нарығындағы өзгерістер туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабеков айтып берді.
Бүгінде Қарағанды облысындағы жұмыссыздық деңгейі 4%-ды құрайды. Бұл – республика бойынша орташа көрсеткіштен төмен. Жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен 28 мыңнан астам адам қамтылды.
Тұрғындар жаңа кәсіпорындар мен жаңадан құрылған жұмыс орындарына, сондай-ақ қолданыстағы бос жұмыс орындарына орналасып жатыр. Бұл ретте жастарға, мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға басымдық берілуде.
Егер жұмысқа қажетті дағдылар жеткіліксіз болса, оқудан өтуге болады. Облыс тұрғындарына қысқа мерзімді кәсіптік курстар ұсынылады. Сонымен қатар SkillsEnbek платформасы арқылы білім алуға мүмкіндік бар.
Өз бетінше еңбек еткісі келетіндер үшін де мүмкіндіктер қарастырылған. «Бастау Бизнес» жобасы аясында жыл басынан бері 2404 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып шықты.
— Біз азаматтарға тек жұмыс табуға ғана емес, сонымен қатар өз ісін ашуға қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береміз. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар гранттарға да үміткер бола алады. Бүгінгі таңда 164 грант берілді, — деді Ғалымжан Спабеков.
«Алтын жас» жобасын іске асыру да жалғасуда. Жоба аясында 702 зейнеткер жұмысқа орналасты.
Жеке бағыттардың бірі – мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту. Сегіз айда өңірде мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыс берушілер олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, арнайы жұмыс орындарын ашып жатыр. Биыл мүгедектігі бар адамдар үшін 11 арнайы жұмыс орны құрылды. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға, монтаждауға және орнатуға жұмсалған шығындар жұмыс берушілерге өтелді.
Бұл жұмыс орындарына есту қабілетінен толық айырылған, көру қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппараты аурулары бар азаматтар орналасты.
Шілде айынан бастап облыста JOB COACH жаңа жобасы іске қосылды. Оның мақсаты – мүгедектігі бар адамға тек жұмыс іздеу кезеңінде ғана емес, жұмысқа орналасқаннан кейін де қолдау көрсету және жаңа жұмыс орнына бейімделуіне көмектесу.
Қарағандыда бұл бағытта Qoldau тең мүмкіндіктер орталығы жұмыс істейді. Мұнда азаматтар мамандардан кеңес алып, қажетті қолдауға жүгіне алады. Орталықта арнайы дайындықтан өткен қызметкерлер, ымдау тілі маманы және психолог жұмыс істейді. Көру қабілеті мен тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін арнайы жабдықталған компьютерлік жұмыс орындары қарастырылған.
Сонымен қатар қазіргі таңда жаңа технологиялардың ықпалымен еңбек нарығы да өзгеріп келеді. Еңбек министрлігінің болжамынша, алдағы жылдары жасанды интеллект бірқатар мамандықтардың сипатын түбегейлі өзгертуі мүмкін.
— Алдағы жылдары жасанды интеллекттің әсерінен 14 мамандық жойылып, 500-ден астам мамандық айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Сондықтан өз дағдыларыңды үнемі жаңартып, өзгерістерге дайын болу аса маңызды, — деп атап өтті Ғалымжан Спабеков.