Қарағанды облысында жылу беру маусымына дайындық аяқталуға жақын

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде жеті станцияда 24 қазандық пен 17 турбина жөндеуден өтті. Тағы 10 қазандық пен бес турбинада жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Отын қорының жеткіліктілігіне, сондай-ақ мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандардың дайындығына ерекше көңіл бөлінуде.

Өңірдің қысқы кезеңге дайындығы аппараттық кеңесте қаралды.

Болжам бойынша, облыста жылу беру маусымы 1—15 қазан аралығында басталады. Нақты мерзім ауа райы жағдайына және өңірлердің ерекшелігіне байланысты белгіленеді.

— Облыс нысандарын жылу беру маусымына дайындау жұмыстары соңғы кезеңге жетті. Қазір негізгі міндет – қалған жұмыстарды аяқтап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының толық дайындығын қамтамасыз ету, — деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев. — Маңызды бағыттардың бірі – жылу желілерін жаңарту және реконструкциялау. 2026 жылы бюджет қаражаты есебінен жалпы ұзындығы 12,3 шақырым жылу желісін қамтитын сегіз жобаны іске асыру көзделген. Оның төртеуі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта негізгі монтаждау жұмыстары аяқталған. Енді аумақтарды қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Күзгі-қысқы кезеңге 7,3 млн тоннадан астам көмір қажет. Энергетикалық станциялар отын жеткізуге қажетті келісімшарттарды жасасып қойған. Сонымен қатар жергілікті жылу көздері, бюджеттік ұйымдар мен халық үшін көмір қорын қалыптастыру жұмыстары қатар жүргізілуде.

Теміртауда Qarmet-тің ЖЭО-2-де №2 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жылу беру маусымы басталғанға дейін мұнда алты қазандықты дайындау жоспарланған. Бұл қаланы жылумен қамтамасыз етуге жеткілікті. Ал ҚарМАЭС-1 станциясында №10 қазандық жөнделуде. Қысқы кезеңге қарай станцияда үш қазандық агрегаты дайын болуы тиіс.

Қалада шамамен 20 шақырым жылу желісі жөнделді. Металлургтер даңғылы бойындағы 2-шағын ауданға қарай өтетін жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар ЖЭО-2-ден шығатын жылу желісін жаңарту бойынша ірі жоба басталды. Жобаны 2027 жылы жоспарға сәйкес аяқтау үшін қыс мезгілінде де жұмыстар тоқтатылмайды.

Балқашта жоспарланған 10,3 шақырым жылу желісінің 9,6 шақырымы ауыстырылды. Саяқ кентінде де жылу желілері жаңартылып, жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыру мақсатында жаңа жабдықтар орнатылып жатыр.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жылу беру маусымының басталуына аз уақыт қалғанын атап өтіп, жоспарланған жұмыстардың барлығын уақытылы аяқтауды тапсырды.

— Жылумен жабдықтау мәселелері ерекше бақылауда. Әрқайсыңыз жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына тікелей жауаптысыздар. Белгіленген мерзімдерді бұзуға және мәселелерді шешуге формалды көзқарас танытуға жол берілмейді, — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ ол жеке сектор тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көмір қорын алдын ала жинақтауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.