Балқашта 2026 жылғы туристік маусым ресми түрде қорытындыланды. Маусымның жабылу салтанаты мерекелік концертпен қатар өтіп, туризм саласының дамуына үлес қосқан үздіктер марапатталды. Қала әкімі Саян Мұратұлы биылғы жазғы маусымның мазмұнды әрі қарқынды өткенін айтып, Балқашқа келген туристер саны 200 мыңға жуықтағанын атап өтті.

Қала басшысының айтуынша, ендігі міндет – туристік инфрақұрылымды одан әрі жетілдіріп, қызмет көрсету сапасын арттыру және Балқаштың тартымды туристік бағыт ретіндегі әлеуетін кеңінен таныту.

– Біздің басты мақсатымыз – Балқашқа туристер жылдың төрт мезгілінде де келетіндей жағдай қалыптастыру. Ол үшін экологиялық, тарихи, кәсіпкерлік, медициналық-танымдық және гастрономиялық туризм бағыттарын жүйелі түрде дамытуымыз қажет, – деді Саян Мұратұлы.

Қала әкімі туризм саласының өкілдеріне Балқаштың туристік әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Саланың үздіктеріне 16 номинация бойынша арнайы марапаттар табысталды. Кәсіпкерлер көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау құндылықтарын дәріптеуге қосқан үлесі үшін де атап өтілді.

Балқаш қаласының жас кәсіпкері Ерсұлтан Төкен туризм саласына арналған табысты цифрлық жобасы үшін марапатқа ие болды. Ол туристерге демалысын ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік беретін онлайн-сервисті әзірлеген авторлардың бірі. Платформа арқылы демалыс базаларының, пәтерлер мен жеке үйлердің ұсыныстарын бір жерден көруге болады.

Таулы аймақтың гиді Павел Новокшонов жаңа туристік бағыттарды танымал етуге қосқан үлесі үшін марапатталды.

Ол көп жылдан бері саяхатшыларға Бектау ата қорығының қайталанбас табиғатын таныстырып келеді. Қазір ол туристер үшін «Балқаш саваннасы» аталып кеткен бірегей тораңғы тоғайларына да экскурсия ұйымдастырады.

Туристік маусымның жабылу салтанатына қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды.

Мерекелік концертте Қазақстанның танымал өнерпаздары Ерке Есмахан мен RAIM, сондай-ақ шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Дереккөз: Gov.kz