Қарағанды облысының Абай ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған инфрақұрылым кеңейіп келеді. Қазір ауданда көкөніс пен картоп сақтайтын екi жаңа қойманың құрылысы жүріп жатыр.

«Достық-2009» ЖШС-інде сыйымдылығы 6 мың тонна болатын көкөніс қоймасын биыл пайдалануға беру жоспарланған. «Юбилейное» шаруа қожалығында 4 мың тонна картоп сақтауға арналған қойма салынып жатыр. Нысанды 2027 жылы іске қосу көзделген.

Өнімді сақтауға арналған қуаттарды арттыру – аудан аграршылары қолға алған маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде Абай ауданында жалпы сыйымдылығы 112 мың тонна болатын 50 картоп қоймасы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, бір мезетте 47 650 тонна астық сақтауға мүмкіндік беретін 35 астық қоймасы бар. Шаруашылықтар қолданыстағы қуаттарды кеңейтуге де өз қаражатын инвестициялап келеді.

Соның бірі – Қарағанды ауылдық округіндегі «Шығыс» шаруа қожалығы. Мұнда картоп, бидай және арпа өсіріледі. Биыл шаруашылық 1,5 мың тонна астық сақтауға арналған жеке қоймасының құрылысын аяқтады.

Жаңа суару жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл суды ұтымды пайдаланып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
— Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту мақсатында субсидиялау бағдарламасына алдағы уақытта да қатысуды жоспарлап отырмыз. Мұндай мүмкіндік шаруашылықтардың суармалы алқаптарын кеңейтіп, өнім көлемін арттыруына үлкен серпін береді, — дейді «Шығыс» шаруа қожалығының басшысы Шамиль Осин.

Шаруа қожалығында мал шаруашылығы саласындағы жоба да қатар жүзеге асырылуда. Мұнда бір мың басқа арналған ірі қара мал фермасы салынып жатыр.

Жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция салынған.

Абай ауданындағы шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен және егін жинау науқанының барысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты.

Ауданда егін жинау жұмыстары басталып кетті.

Юбилейное ауылында облыс әкіміне «Жанат» өндірістік кооперативінің алқабындағы картоп жинау барысы көрсетілді.

Биыл шаруашылық бұл дақылды 100 гектар алқапқа орналастырған.

Кооператив осы жылы картопты сұрыптауға арналған арнайы техника сатып алып, оны қолданысқа енгізді.

Жалпы, биыл Абай ауданындағы егіс алқабы 62 мың гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6689 гектарға көп.

Қазіргі таңда дәнді дақылдар 12,6 мың гектардан, яғни жалпы егін жинау алаңының шамамен 30 пайызынан жиналды. Орташа өнімділік гектарына 5,5 центнерді құрап отыр. Қазірдің өзінде 7 мың тонна астық бастырылды. Оның ішінде 5 мың гектар алқаптан 2,5 мың тонна бидай жиналды. Картоп жинау науқаны да басталды.

— Бүгін фермерлермен және шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, егін жинау науқанының барысы мен саланы одан әрі дамыту жоспарларын талқыладық. Қазірдің өзінде жиын-терім жұмыстары басталды, биыл картоптан жақсы өнім күтілуде. Шаруашылықтарда жаңа көкөніс қоймалары салынып жатыр. Бұл өнімді ысырапсыз сақтауға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға да елеулі үлес қосады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.