Олимпиада чемпиондарымен бірге 10 мың қадам

Фото: Life09

Елордада тұрғындар таңсәріден жиналып, салауатты өмір салтын насихаттайтын ерекше шараға қатысты. Ботаникалық бақта өткен «10 мың қадам» акциясына мыңға жуық адам жиналды. Олардың қатарында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Олимпиада чемпиондары, белгілі спортшылар және қоғам белсенділері болды.

Қатысушылар таңғы сағат 06:00-де жаяу жүрісті бастап, бірге 10 мың қадам жасады. Бұл шамамен 7-8 шақырым қашықтықты құрайды. Жасына қарамастан, акцияға қатысушылар белгіленген межені шамамен екі сағатта еңсерді.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, бүгінде Қазақстан халқының 44 пайызы дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бұқаралық және балалар спортын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ал 2029 жылға қарай спортпен тұрақты айналысатын азаматтардың үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарланған.

Шараға қатысқан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов та жаяу жүрудің адам денсаулығына пайдасы зор екенін атап өтті. Ол тұрғындарды белсенді өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты айналысуға шақырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялардың басты мақсаты – халықты күнделікті қозғалысқа ынталандырып, спортты өмір салтына айналдыруға ықпал ету. Мыңға жуық адамның бір уақытта 10 мың қадам жасауы елордадағы бұқаралық спортқа деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.

Дереккөз: Qazaqstan.tv