Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесімен қатар радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағытта радиациялық бақылау, халық пен мамандарды қорғау, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және білікті кадр даярлау жұмыстары жүргізілуде.
Атом энергиясы медицинада, ғылымда, өнеркәсіпте және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Ал атом электр станциялары тұрақты электр энергиясын өндірудің маңызды көздерінің бірі саналады.
Қазақстанда атом энергиясын пайдалану саласын мемлекеттік реттеуді Атом энергиясы жөніндегі агенттік жүзеге асырады. Арнайы талаптар бойынша радиациялық бақылау, қызметкерлерді даярлау, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және ықтимал апаттарға ден қою шаралары қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, радиациялық қауіпсіздіктің негізі – тұрақты бақылау. Ол үшін дозиметрлік өлшеулер, жұмыс орындарындағы радиация деңгейін анықтау және қоршаған ортаға мониторинг жүргізіледі.
Қазақстанда Ядролық физика институтының ССР-Қ зерттеу реакторы 1967 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол ғылыми зерттеулер жүргізумен қатар медицина мен өнеркәсіпке қажетті радиоизотоптар өндіруге пайдаланылады.
Алматы облысындағы Алатау ықшам ауданы тұрғындарының радиациялық жағдайын бақылау мақсатында да зерттеулер жүргізілген. Нәтижесінде тұрғындарға техногендік радиациялық әсердің жоқ екені анықталған.
Атом энергетикасын дамыту үшін білікті мамандар даярлау да маңызды бағыттардың бірі. Қазір Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарында ядролық физика, ядролық энергетика және ядролық инженерия бағыттары бойынша мамандар даярлануда.
Ал алдын ала есеп бойынша қуаты 1200 МВт болатын екі энергоблоктан тұратын АЭС үшін шамамен 1800 маман қажет болады. Оның 1400-і жедел персонал, ал 400-ге жуығы атом саласында жоғары білімі бар қызметкерлер болуы тиіс.
Мамандардың айтуынша, атом энергетикасының қауіпсіз дамуы заманауи технологиямен қатар, қатаң бақылау мен кәсіби кадрларға тікелей байланысты.
Дереккөз: Egemen.kz