Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және жалпыға бірдей сайлау құқығы қағидатын іске асыру мақсатында Балқаш қалалық аумақтық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 24 шілдедегі шешімімен мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділік жағдайларын тексеру жөніндегі жұмысшы мониторингтік топ құрылды.
Мониторингтік топтың құрамына «Балқаш қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы К.М. Жақыпбаева, Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығының басшысы Г.Ж. Ноғаева, «Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ ардагерлермен, мүгедектігі бар адамдармен және аз қамтылған азаматтармен жұмыс секторының меңгерушісі Ж.С. Шорманова, аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары А.Б. Кондубаева және сарапшы Ж.К. Аманбеков енгізілді.
Топтың алғашқы отырысында көшпелі тексерулердің бағыты, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігі мен жарақтандырылуын бағалау критерийлері бекітілді.
Бүгін мониторингтік топ Ағыбай батыр атындағы Оқушылар сарайы базасында орналасқан учаскелік сайлау комиссияларына (2 учаске), Ә. Ермеков атындағы мектеп-лицейге (2 учаске), Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектепке (2 учаске) және Абай атындағы мектеп-лицейге (2 учаске) тексеру жүргізді.
Мониторинг қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар берді. Атап айтқанда, шақыру батырмаларын ауыстыру, тактильді плиткаларды ішінара жаңарту, есік жақындатқыштарын жөндеу және реттеу, сондай-ақ баспалдақтардағы ескерту белгілерін жаңарту қажеттігі көрсетілді.
Анықталған әрбір бұзушылық бойынша оларды жоюдың нақты мерзімдері белгіленді. Мониторингтік топ мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруге кедергісіз қатысуына қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында қаладағы барлық сайлау учаскелерін зерделеу жұмыстарын жалғастырады.