Қазақстан мектептерінде екі пәннің атауы өзгерді

Сурет: Life09

Оқу бағдарламалары жасанды интеллект бағытында жаңартылуда. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Осыған байланысты 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертіледі.

Жаңартылған мазмұнға жасанды интеллект бойынша 43 оқу мақсаты енгізілді. Оқушылар енді цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, ЖИ құралдарын тиімді пайдалану, ақпаратты сыни бағалау және технологияны жауапты қолдану бағыттарын меңгереді.

1-4-сынып оқушылары жасанды интеллект туралы қарапайым түсініктерді үйренсе, 5-9-сыныптарда ЖИ құралдарын оқу барысында қолдану, сауатты сұраныс құрастыру және киберқауіпсіздік негіздері оқытылады.

Ал жоғары сыныптарда машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау сияқты тақырыптарға басымдық беріледі.