Астанада танымал блогер әрі спортшы Айтым Жақыпов жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі Қарқаралы тасжолында бірнеше жол ережесін қатар бұзғаны түсірілген видео тараған. Кадрларда көліктің жол жиегімен қозғалғаны, жол белгілерінің талабын елемегені, бұрылыс шамын қоспай маневр жасағаны, қарсы бағыттағы жолаққа шығып, апатты жағдай туғызғаны көрінеді.
Желі қолданушылары мемлекеттік тіркеу нөмірі арқылы жүргізушінің Айтым Жақыпов екенін анықтаған. Кейін блогер көлікті өзі басқарғанын растап, асығыс болғанын айтып, көпшіліктен кешірім сұрады.
Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, пікірлер екіге бөлінді. Бірі қатаң жаза қолдануды талап етсе, енді бірі спортшыға әзіл ретінде «200 берпи жасауды» ұсынды.
Астана қаласының полициясы бейнежазбаға жүргізілген мониторинг нәтижесінде жүргізушінің жеке басын анықтап, жол белгілерінің талаптарын сақтамағаны, қарсы бағытқа шыққаны және маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін оған әкімшілік шара қолданылғанын мәлімдеді.
Астанада жол ережесін бұзған блогер Айтым Жақыпов әкімшілік жауапқа тартылды
Фото: Gemini ИИ