Көктемгі шақыру қорытындысы: Қазақстан әскері 21 мыңнан астам азаматпен толықты

Фото: Gov.kz

Көктемгі шақыру науқаны аясында Қазақстанның Қарулы күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат шақырылды.

Олардың ішінде 11 мыңнан астамы Қарулы күштердің қатарында мерзімді әскери қызметін өтейтін болса, 7 мыңнан астамы – ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуығы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 400-ге тарта – Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 300 азамат – Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді.

Әскери қызметке шақыру туралы хабарламалар азаматтарға SMS-хабарлама және eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы жолданды. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату рәсімдері автоматты түрде іске асырылды.

Шақыру науқаны барысында Қорғаныс министрлігінің Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, азаматтарды әскерге шақыру мәселелері бойынша жан-жақты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. «Қауырт желі» телефондары, азаматтарды жеке қабылдау және ақпараттық-түсіндіру кездесулері барысында шақырылушылар мен олардың ата-аналары өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толыққанды жауап алды.

Жергілікті атқарушы органдар шақыру іс-шараларын ұйымдастыруды және өткізуді, шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысын қамтамасыз етіп, олардың тиімді қызметі үшін қажетті жағдай жасады.

Бүгінде Қарулы күштер қатарындағы қызмет жас азаматтарға еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын меңгеруге мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Әскери қызмет кезінде банктер мен қаржы ұйымдары алдында міндеттемелері бар сарбаздарға несиелік демалыс беріледі. Ал әскери қызметін аяқтағаннан кейін жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткендер жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранты негізінде түсе алады. Қалғандары ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы бөлімге қабылдану мүмкіндігіне ие болады.