Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Қарағанды облысында сөз шеберлеріне құрмет көрсетілді. Журналистерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар, сондай-ақ облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығы табысталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алғаш рет жеке баспанасы болмаған екі жас өңірлік журналистке пәтер кілті берілді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев БАҚ қызметкерлеріне ерен еңбегі мен мамандыққа деген адалдығы үшін алғыс білдірді.
— Бүгінде ақпарат тарату бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Әлеуметтік желілерде әр адам өз пікірін айтып, болып жатқан оқиғаларға жеке бағасын бере алады. Алайда кез келген пікір ақиқат бола бермейді. Жалған ақпарат қоғамды адастырып, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіретінін жақсы білесіздер. Сондықтан журналистің басты міндеті – қандай да бір көзқарастың ықпалына ермей, шындық пен жалғанды ажырата білу, әрбір деректі мұқият тексеріп, қоғамға нақты әрі объективті ақпарат ұсыну. Нағыз журналистика өз миссиясын эмоцияға емес, дәлелге, жорамалға емес, нақты фактіге сүйенген кезде ғана толық орындайды, — деді өңір басшысы.

Ол Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдумға дайындық кезеңінде өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін ерекше атап өтті. Ермағанбет Бөлекпаев 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституцияның негізгі өзгерістерін түсіндіруде және қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуда журналистер қауымдастығы алдағы уақытта да елеулі үлес қоса беретініне сенім білдірді.

Қарағанды облысында бүгінде 180-нен астам бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Оның 90 пайыздан астамы – мемлекеттік емес БАҚ.
Кәсіби мереке қарсаңында қарағандылық бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатар өкілдері отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградаларға ие болды. «LIFE09» ақпарат агенттігінің бас редакторы Аяжан Мақан Ақордада өткен салтанатты рәсімде Мемлекет басшысының қолынан «Шапағат» медалін алды.
Мемлекет басшысының атынан Ермағанбет Бөлекпаев кездесуге қатысушыларға ордендер мен медальдар табыстады.

«Құрмет» орденімен облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Станислав Песнев марапатталды.
— Мемлекет басшысы мен облыс басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлықты сезіну — біз үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш. Бұл – еңбегімізге берілген жоғары баға. Журналистика – жанашыр, қоғам тағдырына жауапкершілікпен қарайтын жандардың мамандығы. Біз оқырмандарымыз үшін еңбек етеміз, ел өміріндегі маңызды оқиғаларды жариялап, өзекті мәселелерді көтереміз және жарияланымдарымыздың адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге ықпал етеді деп сенеміз. Барша әріптестеріме зор денсаулық, шығармашылық шабыт, мазмұнды да жарқын материалдар мен жаңа кәсіби жетістіктер тілеймін! — деп БАҚ басшысы марапат үшін алғысын білдіріп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Тележурналист Мақсат Бейсенаев пен техникалық қызметкер Дастан Шанин баспана иегерлері атанды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі күн мен үшін тарихи сәт деуге болады. Ауылдан шыққан қарапайым азамат ретінде Президенттің осындай зор ықыласына бөленіп, өңір басшылығының қолдауын сезіну — мен үшін үлкен мәртебе әрі баға жетпес қуаныш, — деді Мақсат Бейсенаев.

Кездесуде сондай-ақ «Алтын сұңқар» облыстық байқауының қорытындысы жарияланды. Биыл бұл сыйлық 20-шы рет табысталып отыр. Осы жылы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері он аталым бойынша марапатталды. Олардың қатарында мамандыққа адалдық, құқықтық қоғамды қалыптастыру, өңірдің тыныс-тіршілігін түрлі бағытта жан-жақты жариялау және медиаконтент жасау сияқты номинациялар бар.

Көп жылдан бері облыс әкімінің «Қарағанды журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығы табысталып келеді. Биыл бұл сыйлықты EKaraganda ақпараттық агенттігі иеленді.