Қазіргі уақытта кез келген заманауи дамыған мемлекетте отбасы мемлекет қорғауында болады.
Қоғам мен мемлекеттің негізгі мақсаты – отбасының тұрақтылығын, әл-ауқатын және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жағдайлар мен құқықтық тетіктер қалыптастыру.
Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу арқылы отбасына орналастыру болып саналады.
Бала асырап алу институты балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда, олардың толыққанды дене, психикалық, рухани және адамгершілік тұрғыдан дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес, кәмелетке толмаған балалар ғана асырап алынады. Бала асырап алу баланың мүддесін басшылыққа ала отырып және оның тәрбиеленуі мен дамуына қолайлы жағдай жасау қажеттілігі ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қарағанды облысының соттарымен 2026 жылдың 3 айында бала асырап алу туралы 23 іс қаралған, бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44 %-ға артық (16 іс).
Аталған көрсеткіш азаматтардың бала асырап алу институтына қызығушылығының артқанын, сондай-ақ балалардың отбасында тәрбиелену құқығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың күшейгенін көрсетеді. Қаралған істердің жалпы санынан 16 іс бойынша талаптар қанағаттандырылған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 %-ға жоғары (2025 жылы – 15 іс).
Сонымен қатар, 2026 жылы 6 арыз қараусыз қалдырылған болса, 2025 жылы мұндай 1 ғана жағдай тіркелген. Қараусыз қалдырылған арыздар санының артуы көбінесе арыз берушілердің құжаттарды толық ұсынбауына және берілген материалдарды қайтарып алуына байланысты.
Бұдан бөлек, 2026 жылы 1 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған, ал 2025 жылдың осы кезеңінде мұндай жағдайлар болмаған. Сондай-ақ, 2026 жылдың 3 айында бала асырап алудың күшін жою туралы 3 іс қаралып, оның 2-еуі бойынша талаптар қанағаттандырылған, ал 1 арыз қараусыз қалдырылған.
Ал, 2025 жылдың осы кезеңінде қаралған 3 істің барлығы бойынша арыздар қараусыз қалдырылған.
Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаты кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және қорғауға, балаларға қатысты кемсітушілікке жол бермеуге, сондай-ақ олардың жан-жақты дамуына қажетті жағдайлар жасауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 87-бабына сәйкес, бала асырап алу туралы істер Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады. Сот бала асырап алу туралы істерді асырап алушылардың өздерінің, қорғаншылық немесе қамқоршылық органының өкілдерінің, сондай-ақ прокурордың міндетті қатысуымен қарайды.
Егер Қазақстан Республикасының азаматтары шетел азаматы болып саналатын баланы асырап алатын болса, баланың заңды өкілінің және баланың азаматтығы тиесілі мемлекеттің құзыретті органының келісімі алынуы қажет. Тиісті мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайларда баланың өзінің келісімі де талап етіледі.
Қазақстан Республикасының азаматтары болып есептелетін балаларды шетел азаматтарының асырап алуы уәкілетті органдардың рұқсаты және ұлттық заңнама талаптары сақталған жағдайда жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, шетел азаматтарымен некеде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының бала асырап алуы шетел азаматтары үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Осылайша, бала асырап алу институты ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғаудың маңызды тетігі болып есептеледі және олардың отбасында тәрбиеленуіне, толыққанды қамқорлық, тәрбие мен қолдау алуына мүмкіндік береді.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті Департаментінің
аға прокуроры
Г.Т. Қорғанбекова