Қарағанды облысында МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны азайды, алайда өзекті мәселелер әлі де бар

Фото: МӘМС

Қарағанды облысында халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тарту жұмыстары жалғасуда. Өңірдегі қазіргі жағдай мен өзекті мәселелер туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Фазыл Копобаев айтып берді.

 

Бүгінде өңірде халықты МӘМС жүйесімен қамту деңгейі қандай?

- 2026 жылғы мамыр айының басындағы жағдай бойынша Қарағанды облысында 1 миллионнан астам адам сақтандырылған, бұл облыста тіркелген халықтың 90%-ын құрайды. Сақтандырылмаған азаматтардың саны шамамен 130 мың адам. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сақтандырылмағандар саны 26%-ға азайды. Балқаш, Саран қалаларында, сондай-ақ Шет, Абай және Бұқар жырау аудандарында сақтандырылмаған азаматтар санының төмендеуі бойынша жақсы динамика байқалады. Бұл – жергілікті атқарушы органдардың, медициналық ұйымдардың және Қор филиалының бірлескен жұмысының нәтижесі.

Облыста МӘМС бойынша жарналар мен аударымдардың түсу көлемі де оң динамиканы көрсетуде. Мәселен, 2026 жылдың 4 айында жүйеге 20,8 млрд теңге түсті, оның ішінде тек сәуір айында 5,7 млрд теңге аударылды. Түсімдердің негізгі бөлігі жұмыс берушілердің аударымдары, жұмыскерлердің жарналары, жеке кәсіпкерлердің, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша төлеушілердің төлемдері есебінен қалыптасты.

 

Қандай санаттағы азаматтар көбіне МӘМС жүйесінен тыс қалып жатады?

- Негізінен бұл - жұмыс берушілері жарналарды уақытылы аудармайтын жалдамалы жұмыскерлер, сондай-ақ өз бетінше бірде-бір рет жарна төлемеген азаматтар. Сонымен қатар, сақтандырылмағандардың қатарында жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтіндер де бар.

 

Қаңтар айынан бастап халықтың жекелеген санаттары үшін жарна төлеу бойынша өзгерістер күшіне енді. Қазіргі таңда бұл жұмыс қалай ұйымдастырылған?

- Енді әлеуметтік әл-ауқат деңгейі дағдарыстық және шұғыл деңгейдегі азаматтар (D және Е санаттары), сондай-ақ жұмыссыздар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл – әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды шара. Дегенмен, аталған санаттағы азаматтар үшін қаржыландырудың уақытылы жүргізілуіне қатысты мәселелер бар. Медициналық көмек алып қойған азаматтар үшін жарналарды төлеуге өтінімдер жолданғанымен, бүгінгі күнге дейін кейбір санаттар бойынша жергілікті бюджеттен қаражат түскен жоқ.

 

МӘМС бойынша жұмыс берушілердің берешегі де өзекті мәселе. Бұл мәселе қаншалықты күрделі?

- Иә, бүгінде облыстағы шамамен 19,5 мың ұйымның МӘМС төлемдері бойынша берешегі бар. Олардың қатарында мемлекеттік ұйымдар да, жекеменшік кәсіпорындар да, соның ішінде жеке кәсіпкерлер де бар. Әсіресе, борышкерлер қатарында білім, мәдениет, спорт мекемелері мен ауылдық округ әкімдерінің аппараттары бар екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар, өңірдегі ірі кәсіпорындар да тізімде бар. Жұмыс берушілердің жарналарды уақытылы төлемеуінен жұмыскерлер МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесінен айырылады. Соның салдарынан олар қажетті медициналық көмекті уақытылы ала алмайды.

 

Мұндай берешектер көбіне немен байланысты?

- Көбінесе мәселе төлемдерді қате аударуға немесе төлемдердің кешіктірілуіне байланысты, әсіресе демалыс кезеңдерінде жиі кездеседі. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін жұмыс берушілер төлемдерге салыстыру жүргізіп, бухгалтерлік қызметтер арқылы есептеулердің дұрыстығын тексеруі қажет.

 

Медициналық ұйымдардың қызметіне бақылау жүргізіле ме? Қандай бұзушылықтар жиі анықталады және қандай жауапкершілік шаралары қарастырылған?

- Иә, Қор ақпараттық жүйелер арқылы ағымдағы мониторинг жүргізеді, сондай-ақ азаматтардың өтініштері мен қадағалау және мемлекеттік органдардың тапсырмалары бойынша жоспардан тыс мониторингтер өткізіледі. Ең жиі кездесетін бұзушылықтар – диагностика мен емдеу стандарттарын сақтамау, көрсетілген медициналық қызметтердің құнын негізсіз жоғарылату. Әрбір анықталған бұзушылық үшін экономикалық ықпал ету шаралары қарастырылған, кей жағдайда олардың мөлшері төленетін сомадан да жоғары болуы мүмкін. Сондықтан медицина қызметкерлері бұзушылықтарға, әсіресе әдейі жол бермеудің әлдеқайда тиімді екенін түсінуі қажет. Егер әкімшілік немесе қылмыстық шаралар қабылдауды талап ететін бұзушылықтар анықталса, ақпарат тиісті органдарға жолданады.

 

Азаматтар Қор филиалына қандай мәселелер мен шағымдар бойынша жиі жүгінеді?

- Тұрғындар көбіне сақтандырылған мәртебесін анықтау, төлемдердің уақытылы түспеуі және МӘМС аясында медициналық көмек алу мәселелері бойынша жүгінеді. Сонымен қатар, бейінді мамандардың консультациясын ұзақ күту, диагностикалық зерттеулерден өту және медициналық көмектің сапасына қатысты өтініштер де түседі.

 

Бүгінде азаматтарға МӘМС жүйесін пайдалануға қандай цифрлық сервистер көмектеседі?

- Қазіргі таңда азаматтарға МӘМС жүйесіндегі мәртебесін жедел тексеруге, төлемдерді бақылауға және қажетті ақпарат алуға мүмкіндік беретін түрлі цифрлық сервистер қолжетімді. Сақтандырылған мәртебесін Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, eGov электрондық үкімет порталы, Қордың Telegram-боты және банк қосымшалары арқылы тексеруге болады.

 

Егер адам күтпеген жерден сақтандырылған мәртебесінен айырылса, не істеуі керек?

- Ең алдымен соңғы 12 айдағы төлемдердің бар-жоғын және тұрақтылығын тексеру қажет. Егер азамат жалдамалы жұмыскер болса, жұмыс берушіге жүгініп, жарналар мен аударымдардың төленуін нақтылағаны жөн. Жеке кәсіпкерлер мен дербес төлеушілер берешектің жоқтығын тексеріп, қажет болған жағдайда төлем жасауы тиіс. Мәртебені Қордың цифрлық сервистері арқылы тексеруге болады. Даулы жағдайлар туындаған жағдайда азаматтар Қор филиалына: Қарағанды қаласы, Бұқар жырау даңғылы, «Даулет» сауда үйі, 3-қабат мекенжайы бойынша жүгіне алады.

 

Өңірде МӘМС аясында медициналық көмектің қандай бағыттары сұранысқа ие?

- Ең көп сұранысқа ие бағыттар қатарында консультациялық-диагностикалық көмек, соның ішінде мамандардың кеңесі, кейбір диагностикалық зерттеулер, жоспарлы стационарлық көмек және медициналық оңалту бар. Сонымен қатар, профилактикалық тексерулер мен созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылауға сұраныс жоғары болып отыр.

 

Сөз соңында нені ерекше атап өткім келеді?

- Бүгінде негізгі міндеттердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тұрақтылығын сақтау және азаматтардың сақтандырылған мәртебеден шығып қалуына жол бермеу. Жарналар мен аударымдардың уақытылы төленуі, жұмыс берушілердің жауапкершілігі, ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің өзектілігі, сондай-ақ медициналық ұйымдардың белгіленген талаптарды сақтауы халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына тікелей әсер етеді.

МӘМС жүйесі мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің, медициналық ұйымдардың және азаматтардың өздерінің үйлесімді әрі жауапты жұмысын талап етеді. Тек осындай өзара іс-қимыл арқылы ғана денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, азаматтардың медициналық көмек алу құқықтарын іске асыруға болады.

 

 

Қарағанды облысы бойынша медициналық сақтандыру Қоры филиалының баспасөз қызметі