Қарағанды облысында ауыл шаруашылығының ірі тауар өндірушілері өздері еңбек етіп, өмір сүріп отырған елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді түрде үлес қоса бастады. Бұл бағытта облыс әкімдігі мен аграрлық сектор өкілдері арасында өзара ынтымақтастық пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған меморандумдар жүйелі түрде жасалып жатыр.

Алғашқы келісімдер Осакаров ауданында рәсімделді. Әлеуметтік жауапкершілік аясында қосымша міндеттемелер қабылдаған аграршылар қатарында Андрей Лущак («Найдоровское» ЖШС), Михаил Чолокиди («Ясная поляна» ШҚ), Владимир Эммерих («Садовое и К» ЖШС), Виталий Ямковой («Жатва» ЖШС), Виталий Ранерт («Рассвет» ЖШС), Александр Сарваниди («ПКФ «АГРОСОЮЗ» ЖШС), Вячеслав Шамордин («Жана Ай» ЖШС) бар.

Жалпы инвестиция көлемі 700 миллион теңгеден асады. Бұл қаражат ауыл тұрғындары үшін ең өзекті саналатын бағыттарға жұмсалады: жол инфрақұрылымын жөндеу және кірме жолдарды қалпына келтіру, елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, сондай-ақ спорт алаңдары мен корттар салу.

Абай ауданында ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі — «ШАНС» шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк Көксу ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын қаржыландырады. Жаңа нысан ауылдағы спорттық өмірдің негізгі орталығына айналып, тұрғындарға жыл бойы спортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік бермек.
— Көксу ауылы қарқынды дамып келеді, мұнда мыңнан астам тұрғын тұрады. Сондықтан ауыл халқының заманауи, қолайлы жағдайда спортпен айналысуына толық мүмкіндік болуы тиіс деп шештік. Осыған байланысты дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы бастама көтердік. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде, одан кейін құрылыс жұмыстарына кірісеміз. Бұл біз үшін жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, ауылдың болашағына, балалар мен жастардың және барлық тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына қосылған нақты үлес, — деді Игорь Жабяк.

Ұқсас бастамалар Бұқар жырау ауданында да жүзеге асырылуда. Мұнда да ауылдық инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен пысықталуда.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, мұндай меморандумдар мемлекет пен бизнестің күшін біріктіріп, жергілікті деңгейдегі түйткілді мәселелерді шешудің тиімді тетігіне айналып отыр. Бұл формат ауылдарды дамытуға қосымша инвестиция тартуға және тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік береді.

— Біз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өз ауылдарының дамуына шынайы қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Бұл — өте құптарлық үрдіс. Бизнес тек өндіріс жүргізіп қана қоймай, өзі қызмет ететін өңірдің болашағына да жауапкершілікпен қарауда. Кәсіпкерлердің мемлекетпен тең серіктес ретінде әлеуметтік жобаларға араласуы — өңір дамуының маңызды кепілі. Олар спорт нысандарын салып, инфрақұрылымды жаңғыртып, ауылдарды көркейткен сайын, ең басты ұтыс — жергілікті тұрғындардың еншісінде, — деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков.