Қарағандыда кардиохирургтар Теміртау қаласынан келген бес айлық сәбиге ашық жүрекке күрделі операция жасап, оның өмірін сақтап қалды. Дәрігерлер нәрестеден өкпелік гипертензиямен асқынған атриовентрикулярлық септалды ақаудың аралық түрін анықтаған. Бұл – туа біткен жүрек ақауларының ауыр түрлерінің бірі.

Аталған патология жүректің қалыпты жұмысын бұзады: қан айналымы дұрыс жүрмей, жүрек-қантамыр жүйесіне түсетін жүктеме едәуір артады. Уақтылы хирургиялық көмек көрсетілмеген жағдайда ауру ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Операция Қарағанды қаласындағы №2 көпбейінді аурухананың базасында өткізілді. Күрделі отаны жасау үшін өңірге Астанадағы UMC Жүрек орталығының мамандары келіп, балалар кардиохирургиясы бөлімінің жергілікті дәрігерлерімен бірлесіп жұмыс атқарды.
Ота барысында дәрігерлер ақауды түбегейлі түзету жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, жүрекшелер мен қарыншалар арасындағы қалқалардағы ақаулар жабылып, митралды қақпақшаға пластика жасалды. Емдеудің барлық кезеңінде ерекше дәлдік пен үздіксіз бақылауды талап еткен өкпелік гипертензия операцияның күрделілігін арттырды.

– Бұл операция бала үшін өмірлік маңызы бар еді. Ақау түзетілгеннен кейін қан айналымы қалыпқа келеді, жүрекке түсетін жүктеме азаяды және сәбидің әрі қарайғы дамуына қатысты болжам айтарлықтай жақсарады, – деп атап өтті кардиохирургтар.
Операцияның хирургиялық кезеңін UMC Жүрек орталығының балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбунов пен Қарағандыдағы №2 көпбейінді аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов жүргізді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта сәбидің жағдайы тұрақты, ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында