Ақтөбеде нөсер жауыннан кейін көшелер мен аулаларды су басты. Қала тұрғындары тобықтан келетін сумен жүруге мәжбүр болса, көліктер үлкен шалшықтарды әрең еңсеріп жатыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбеде нөсер жауын салдарынан көшелерді су басып, тұрғындар тобықтан келетін суды кешіп өтуге мәжбүр болды. Кейбір аудандарда жолдар өзенге айналып, көліктердің қозғалысы қиындады.
Мәліметтерге сенсек, жаңбыр бір сағаттан астам уақыт бойы жауған.
Тұрғындардың бірі Лейла осы уақыттың өзінде қаланың көптеген көшелері мен аулаларын су басқанын айтады.
"Ерназаров көшесіндегі арықтар лық толып кеткен, кей жерлерде бітеліс бар, су кетпей жатыр. Барлық су аулаларға жайылып кетті. Нағыз апокалипсис деуге болады. Нөсер суын ағызу жүйелері бар жерлердің өзінде суды көтере алмай жатыр. Су өте көп. Жауын-шашынның мол түскені түсінікті, бірақ мұндай жаңбырлар жұртты әбден қажытты. Саңқыбай батыр даңғылымен Алтын Орда (Батыс) ауданына барғанымда айтарлықтай мәселе байқалмады, шамасы, ол жақтағы кәріз жүйелері жаңа немесе жақсы тазартылған. Мәңгілік Ел даңғылында да жағдай қалыпты. Ал қала орталығында, әсіресе Әбілқайыр хан даңғылы маңында жағдай өте күрделі. Нұрдәулет аялдамасының жанында нағыз теңіз пайда болғандай", – дейді Лейла.
Коммуналдық қызметтер су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр, қала орталығында арнайы техникалар көптеп жұмылдырылған. Алайда жауын-шашын көлемінің тым көп болуына байланысты нөсердің салдарын жою оңай болмай отыр.
"Қазір қала көшелерінде 110 ассенизаторлық көлік, 5 сорғы станциясы және мотопомпалар жұмыс істеп жатыр. Ең әуелі, көше-жол желісіндегі суды сору жұмыстары жүргізілуде. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы суды шығару жұмыстарын пәтер иелері кооперативтері (КСК) мен мүлік иелерінің бірлестіктері (ОСИ) төрағалары тұрғындармен бірлесіп ұйымдастыруы тиіс. Жауын суын ағызуға арналған 30 арнайы орын белгіленді. "Қазгидромет" мәліметіне сәйкес, өңірде нөсер жауын аптаның соңына дейін жалғасады", – деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімдігі.