Қарағанды облысында 2029 жылға дейін 15 футбол нысаны салынып, жаңғыртылады. Өңірде жаңа футбол алаңдары, жабық манеждер және заманауи футбол академиясы бой көтереді. Жобалар Freedom компаниясы мен облыс әкімдігі арасында футболды дамыту жөнінде жасалған меморандум аясында жүзеге асырылады.

Бағдарламаның негізгі бөлігі «Шахтёр» стадионын қайта жаңғырту мен жаңа буындағы футбол академиясын салуға бағытталған.

Стадионды жаңарту жұмыстарын 2026 жылдың күзінде аяқтау, ал академияны 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Академия құрамында 3500 көрерменге арналған стадион, толық өлшемді жаттығу алаңдары, жабық манеж, әкімшілік ғимарат және тәрбиеленушілерге арналған интернат болады.

— Қазіргі таңда нысанда іргетас құйылып, әкімшілік-тұрмыстық кешен мен интернаттың бірнеше қабаты тұрғызылды. Мұнда балалар тұрып, теориялық дайындықтан өтеді. Биыл құрылысшылар стадион мен толық өлшемді футбол алаңының негізін дайындауы тиіс, — деді QOFA даму жобаларының жетекшісі Игорь Агафонов.

Тағы бір ірі бірлескен жоба – жабық футбол манеждерінің желісін құру. Алғашқы манеж Қарағандыдағы «Шахтёр» стадионының аумағында салынады. Кейін мұндай нысандар облыстың тағы бес қаласында бой көтереді. Бұл балаларға ауа райына қарамастан жыл бойы жаттығуға мүмкіндік береді.

Маусым айында Сұрыптау ауданындағы «Локомотив» және Абай қаласындағы «Жігер» стадиондарын қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Мұнда алаң жабыны ауыстырылып, дренаж жүйесі жаңартылып, жаңа спорттық жабдықтар орнатылады. Сонымен қатар «Локомотив» стадионында кешкі уақытта жаттығулар мен матчтар өткізуге арналған заманауи жарықтандыру жүйесі пайда болады.

FIFA Quality стандартына сәйкес жасанды жабыны бар жаңа футбол алаңы Саран қаласындағы №17 гимназия аумағында салынады. Осындай алаңдар Балқаш, Приозерск, Теміртау, Абай, Шахтинск қалаларында және Шахан кентінде де бой көтереді. Жобаларды Freedom қолдауымен Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы жүзеге асырады.

Жаңа нысандар футболды балалар мен жасөспірімдер үшін қолжетімді етіп, өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына қосымша серпін береді деп күтілуде.