Жасанды интеллект және цифрлық дағды: Өңір ұстаздары өзара бақ сынасты

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында алғаш рет педагогтар арасында жасанды интеллект бойынша цифрлық дағдылар турнирі өтті. Бұл бастама Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды.

Жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен келген мұғалімдер қатысты. Байқау бірнеше аптаға созылды. Алдымен 238 педагог жеке онлайн-тестілеуден өтті. Одан кейін 19 команда қатысқан командалық кезең ұйымдастырылды. Финалға облыстың қалалары мен аудандарынан келген 11 үздік ұжым жолдама алды.

Ақтық кезеңде қатысушылар шектеулі уақыт ішінде жасанды интеллект құралдарының көмегімен білім беру жобаларын әзірлеп, оларды сарапшылар алдында қорғады.

— Жасанды интеллектіні енгізу — бұл жай ғана техникалық жаңару емес, оқыту әдістемесіндегі түбегейлі өзгеріс. Бұрын мұғалім сабақ жоспарын дайындауға аптасына 10 сағатқа дейін уақыт жұмсаса, Diffit немесе Kandinsky сияқты ИИ құралдарының көмегімен бұл уақыт 1–2 сағатқа дейін қысқарады. Босаған уақытты педагог оқушылармен тікелей қарым-қатынасқа арнай алады, - деді Қарағанды облысы Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақыткүл Әбдікерова.

Сарапшылар жобаларды олардың өзектілігі, практикалық маңызы және академиялық адалдық қағидаттарының сақталуы бойынша бағалады.

Байқау қорытындысы бойынша Шет ауданының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Балқаш қаласының педагогтары иеленсе, үшінші орын Қарағанды қаласының №2 командасына бұйырды.

Сайыс аясында қатысушылар үшін жасанды интеллектіні мектептерде қолдану мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және нейрожелілерді орынды пайдалану тақырыптары талқыланды. Жалпы ортақ ұстаным айқын: жасанды интеллект мұғалімге көмектесуі тиіс, бірақ оның орнына шешім қабылдамауы қажет.