Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Евгения Меженина беделді Open International Biology Olympiad (OIBO-2026) халықаралық олимпиадасында қола медаль жеңіп алды.
Зияткерлік сайыс Ресейдегі «Сириус» федералдық аумағында өтіп, әлемнің 17 елінен, соның ішінде Қазақстан, Түркия, Оңтүстік Африка және Таиландтан келген 100-ден астам үздік жас биологтың басын қосты.

OIBO биология бойынша ең күрделі халықаралық олимпиадалардың бірі саналады: қатысушылардан тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар практикалық зерттеу дағдылары да талап етіледі. Евгенияның ғылыми жетекшісі, Қарағанды қаласындағы НЗМ ЕМН биология пәнінің мұғалімі Қарлығаш Жолдыбаева сайысқа дайындық бірнеше жылға созылғанын атап өтті.
— Сабақтан кейінгі қосымша дайындықтар, күрделі тақырыптарды талдау, олимпиадалық есептерді шығару, қосымша әдебиеттерді меңгеру — дайындыққа өте көп уақыт бөлінді. Тақырыптар биологияның барлық дерлік бағыттарын қамтиды: зоология мен ботаникадан бастап биоинформатика мен статистикаға дейін, — дейді педагог. — Олимпиада тек мектеп биологиясын білуді ғана емес, сонымен қатар химия, физика, математика және информатика бойынша да жақсы дайындықты талап етті. Әсіресе логикалық ойлау мен білімді тәжірибеде қолдана білу қабілеті маңызды болды.
OIBO-2026 бағдарламасы теориялық турларды, күрделі зертханалық жұмыстарды және командалық зерттеу жобасын қамтыды. Практикалық кезең қатысушылардан нағыз зерттеушілерге тән дағдыларды талап етті. Ең күрделі тапсырмалардың бірі — микроскоп арқылы көлемі 3 миллиметрден де кіші шыбын дернәсілін бөлшектеу (диссекция) болды.
Бағдарламадағы ерекше кезеңдердің бірі — жобалық тур, онда қатысушылар халықаралық командаларға бөлініп жұмыс істеді. Қазақстан құрамасы Қара теңіздегі зоопланктон биоалуантүрлілігін зерттеді. Оқушылар жағалау аймағынан өздері үлгі (проба) жинап, су ластануының индикаторы болып табылатын микроорганизм түрлерін анықтады.

Евгения Меженина өз сөзінде олимпиада тапсырмаларының шынайы ғылыми зерттеу жұмысына барынша жақын екенін, ал алынған нәтижелердің тәжірибелік маңызы болуы мүмкін екенін атап өтті.
Бұл — Евгения үшін алғашқы ірі жетістік емес. Бұған дейін ол республикалық олимпиаданың және Қазақстан Білім Олимпиадасының (ҚБО) жеңімпазы атанған. OIBO-2026-дағы қола медаль оның халықаралық деңгейдегі ең беделді сайыстардың бірі — International Biology Olympiad (IBO)-ға дайындық жолындағы маңызды кезең болды.
— Бұл медаль IBO-ға апарар жолдағы маңызды қадам болды. Халықаралық жетістіктер үлкен мүмкіндіктерге жол ашады — әлемнің жетекші университеттеріне түсуге дейін және халықаралық ғылыми бағдарламаларға қатысуға дейін, — деді Қарлығаш Жолдыбаева.