Қарағанды ТМД-ның жастар астанасына айналады

Фото: ЖИ Gemini

Қарағанды ресми түрде 2028 жылғы ТМД жастар астанасы болып жарияланды. Мұндай шешімді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Үкімет басшылары кеңесі қабылдады. Өңірде 303 мыңнан астам жас тұрады және олар үшін жаңа халықаралық мүмкіндіктер ашылмақ.

ТМД Атқару комитетінің хабарлауынша, 2027 жылы ТМД жастар астанасы мәртебесін Минск қаласы иеленсе, 2028 жылы эстафета Қарағандыға өтеді.

«Қарағанды – толеранттық пен мәдени алмасуды дамытуға ықпал ететін көпмәдениетті қала әрі ТМД аясындағы мәдениетаралық жобаларды жүзеге асыруға зор әлеуеті бар алаң. Қалада білім беру, жастардың мәдени демалысы мен әлеуметтік белсенділігі мәселелерімен айналысатын жастар ұйымдары белсенді жұмыс істейді, халықаралық жобалар мен форумдарға қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді және оған жастар кеңінен тартылған», – деп атап өтті атқару комитеті.

Жастар астанасы мәртебесіне ие болған қала ТМД елдерінің Жастар ісі жөніндегі кеңесінің отырысын және жастар ұйымдарының форумын қабылдау құқығына ие болады.

Бұл шешім өңір үшін үлкен мәртебе әрі әлеуеттің мойындалуы екенін Қарағанды облысының әкімі Ермаганбет Бөлекпаев атап өтті.

«Бүгінде өңірде белсенді, талантты әрі бастамашыл 303 мыңнан астам жас өмір сүреді. Дәл осы жастар еріктілік қозғалысты, білімді, ғылымды, кәсіпкерлікті және қоғамдық бастамаларды алға жылжытып келеді. ТМД жастар астанасы мәртебесі Қарағанды үшін халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және ауқымды жастар жобаларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл ірі халықаралық жобаны бірлесіп лайықты деңгейде өткізетінімізге сенімдімін», – деп жазды өңір басшысы Facebook парақшасында.

«ТМД жастар астанасы» жобасы ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен жүзеге асырылады. Оның мақсаты – жастарды түрлі саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту ісіне белсендірек тарту.