Биыл Қарағанды облысында 15 мыңнан астам 9-сынып оқушысы және 8 мыңнан астам 11-сынып түлектері мектепті аяқтайды. Олардың ішінде «Алтын белгі» белгісіне үміткер 248 оқушы бар.

Барлық жалпы білім беретін ұйымдарда 25 мамыр күні «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Бұл – ағымдағы оқу жылындағы соңғы сабақ болмақ. Бұдан кейін мектептер емтихандық кезеңге көшеді.
26–29 мамыр аралығында 5–8 және 10-сынып оқушылары оқыту тіліне қарай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен емтихан тапсырады. 9-сыныптар үшін қорытынды аттестация 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді, ал 11-сынып түлектері үшін емтихандар 2–15 маусым күндері ұйымдастырылады. Аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру 17–18 маусымға жоспарланған.
«Алтын белгі» үміткерлерінің барлық емтихан жұмыстары Білім басқармасы құрған облыстық комиссияның қарауына жіберіледі. Бұл түлектер білімін бағалауда объективтілік, ашықтық және бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
10 мамырдан бастап ҰБТ-ның жазғы кезеңі басталды. Оның нәтижелері жоғары оқу орындарының грант конкурсына қатысу кезінде қолданыла алады.

— Мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді бес рет тапсыра алады, оның ішінде жазғы кезеңде екі рет қатысуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар тестілеуге бұрынғы жылдардағы түлектер мен колледж бітірушілері де қатыса алады. ҰБТ электронды форматта, заманауи прокторинг жүйесі мен бейнабақылау арқылы өткізіледі, — деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Сыздықов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте.
Маусым айында болашақ бірінші сынып оқушыларына қабылдау науқаны басталады. Құжаттарды 29 маусым мен 31 тамыз аралығында eGov порталы арқылы немесе қағаз түрінде тапсыруға болады. Қабылдау үшін ата-ананың өтініші, баланың медициналық анықтамалары және фотосуреті сияқты стандартты құжаттар пакеті қажет. Қызмет бір жұмыс күні ішінде рәсімделеді.
Сондай-ақ 20 маусымнан бастап колледждерге қабылдау науқаны басталады. Құжаттарды электронды үкімет порталы арқылы қашықтан немесе колледждердің қабылдау комиссиялары арқылы дәстүрлі түрде тапсыруға болады.
Қарағанды облысындағы жеті колледж халықаралық аккредитациядан сәтті өтіп, мамандар даярлау сапасының жоғары деңгейін және білім беру бағдарламаларының халықаралық стандарттарға сәйкестігін растады.