Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші әлемдік компаниялармен кездесу өткізді: Қазақстанда өндірісті локализациялау бойынша жаңа келісімдерге қол қойылды

Фото: https://primeminister.kz/kz

«Жаңа тетіктердің арқасында ауыл шаруашылығы саласының түбегейлі жаңа деңгейіне қол жеткізілді. Қалыптасқан инвестициялық және институционалдық ахуал Қазақстанды ұзақмерзімді негізде технологиялар трансферті, жобаларды локализациялау және дамыту контекстінде шетелдік инвестициялар үшін тартымды алаңға айналдырады. Сонымен қатар адами капиталдың маңыздылығын атап өткім келеді. Біз оқыту және одан әрі жұмысқа орналастыру мақсатында жаңа бағдарламаны іске қостық», — деп атап өтті Eurasia Group AG бас операциялық директоры Сергей Глокке.

Өнімі 40-тан астам елге тарайтын, ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші жетекші компания Väderstad Group-тың (Швеция) директорлар кеңесінің мүшесі Кристина Старк Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін айтты: «Біздің компания Қазақстанның тұрақты серіктесі болуды және елдің ауыл шаруашылығын дамытуға қатысуды жоспарлап отыр. Өзара іс-қимылымыздың әлеуетін дамыту қазақстандық шаруалардың қажеттіліктеріне бағдарланған жаңа өнімдер шығаруға мүмкіндік береді».

Компаниялардың топ-менеджерлері серіктестікті дамытуға дайын екендігін білдірді. Олардың қатарында Dewulf компаниясынан – Хендрик Декрамер, Amity Technology – Майк Спренгер, Lindsay Corporation – Ричард Гарольд, Frans Vervaet B.V. – Робин Верват, Brandt – Филип Коржчак, Kuhn Group – Джеки Кирч және тағы да басқалар бар.

Қазақстан тарапынан өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің пікірлері тыңдалды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қостанайдағы Локализация орталығының өндірістік базасында Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін локализациялауға бағытталған көпжақты келісімдерге қол қою рәсімі өтті.

Келісім «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Eurasia Group AG» ЖШС мен әлемдік жетекші өндірушілер – Väderstad Group, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Frans Vervaet B.V., Kuhn Group және Brandt компаниялары арасында жасалды.

Уағдаластықтарды жүзеге асыру саланың әлеуетін күшейтеді және Қазақстанның жаһандық өнеркәсіптік өндіріс жүйесіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.