Қарағандыда өнеркәсіптік шығарындыларды азайтатын жоғары технологиялық жабдық өндірісі жолға қойылған

Фото: Gov.kz

Индустриясы қарқынды дамыған, ірі кәсіпорындар қызметі экологиялық жағдайға тікелей әсер ететін Қарағанды облысы үшін заманауи табиғат қорғау технологияларын енгізу айрықша маңызға ие. Сол бастамалардың бірі — зиянды шығарындыларды ондаған есеге дейін қысқартуға қабілетті газтазарту жабдықтарын өндіру.

Бұл жоба — өңіраралық әріптестіктің, сондай-ақ ғылым мен өндірістің нәтижелі ықпалдастығының жарқын үлгісі. 

Инжинирингтік орталық Ақтөбе қаласында орналасқан болса, өндірістік база Қарағандыда шоғырланған. Технологияны Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары әзірлесе, жабдықты құрастыру «КазЭнергоМашЭкология» кәсіпорнында жүзеге асырылуда. Жоба мемлекеттік қолдауға ие болып, технологияны коммерцияландыруға арналған грантты Ғылым қоры бөлген.

Әзірлеме өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеп үлгерді: оны өнеркәсіптік нысандардың бірінде енгізгеннен кейін шығарындылар құрамындағы шаң мен зиянды заттардың мөлшері шамамен 40 есеге азайған. Бұл қоршаған ортаға түсетін жүктемені едәуір төмендетіп қана қоймай, кәсіпорындарды заманауи экологиялық талаптарға жақындата түседі.

«КазЭнергоМашЭкология» ЖШС директоры Юрий Мягковтың айтуынша, кәсіпорынның басты мақсаты — өнеркәсіптік шығарындыларды қауіпсіз деңгейге дейін тиімді тазарту.

— Біз өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған газтазарту жүйелерін әзірлейміз. Негізгі жабдығымыз — жеңді сүзгілер. Мысалы, көмір жанған кезде атмосфераға таралатын күл пайда болады. Біздің міндет — осы ағынды толықтай тазалап, нәтижесінде қоршаған ортаға зиянсыз, таза газ шығуын қамтамасыз ету. Біз қатты бөлшектерді ұстап қалумен қатар, күкірттің газ тәрізді қосылыстары мен NO₂ секілді зиянды компоненттерден де тазарту жұмыстарын жүргіземіз, — деп түсіндірді кәсіпорын басшысы.

Оның айтуынша, өндірісті Қарағандыда орналастыру логистикалық тұрғыдан тиімді әрі білікті мамандардың жеткілікті болуына байланысты таңдалған. Кәсіпорында негізінен жергілікті кадрлар еңбек етеді, сондай-ақ отандық материалдар кеңінен пайдаланылады. Өндірістік база заманауи жабдықтармен, соның ішінде лазерлік кесу станоктарымен және 3D технологияларымен жабдықталған.

Ғылыми қауымдастық өкілдері бұл жобаның экономикалық тиімділігіне де айрықша назар аударады.

— Бұл — ғылым мен өндірістің үйлесімді әріптестігінің нақты нәтижесі. Біз жабдықтың тиімділігін арттыратын шешім ұсындық: сүзгілердің қызмет ету мерзімі ұзарды, сығылған ауаның шығыны азайды, сәйкесінше өнімнің өзіндік құны да төмендеді. Ең бастысы — бұл импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өндірістің әлеуетін арттыратын төл технология, — дейді Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Металлургия және тау-кен ісі кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Бағдагүл Уахитова.

Бүгінде бұл технология Қазақстандағы бірқатар ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Ол металлургия, энергетика және өзге де салаларда кеңінен қолданылып, өндірістің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.