Қарағанды облысында жолдардағы қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

Фото: ПД

Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылар арасында тәртіпті нығайтуға бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Негізгі басымдық жазалау шараларына емес, алдын алу жұмыстары мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға берілуде.

Рейдтерге учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылған. Операцияның барысы өңірлік департаменттің әкімшілік полиция басқармасы басшылығының тұрақты бақылауында.

Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімовтың айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейту. Соған қарамастан, бір тәулік ішінде өңірде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 800-ден астам дерегі тіркелген, оның 70-і өрескел бұзушылықтарға жатады.

Ең ауыр құқықбұзушылықтардың қатарында мас күйінде көлік басқару бар. Рейд барысында үш мас жүргізуші ұсталды. Сонымен қатар, жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан қайта көлік басқарған деректер де анықталды.

Бұдан бөлек, заңсыз әйнек күңгірттеудің 22 фактісі, көлік құралын басқару құқығынсыз басқарудың 8 жағдайы және сақтандыру полисінсіз жүрудің 16 дерегі тіркелді. Іс-шаралар қорытындысы бойынша 34 автокөлік айып тұрағына қойылды.

Полиция қызметкерлері қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударуда. Мәселен, рейд кезінде бұған дейін осындай құқықбұзушылық үшін жүргізуші куәлігінен айырылған 38 жастағы ер адам қайтадан мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Өңірде профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Полиция өкілдері жол қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарына ғана емес, әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігіне де байланысты екенін атап өтті.

Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша