Ақтөбеде ота жасатқан ер адам тамағынан дәкені өз үйінде алып тастаған, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі @sputnik_aitady-ға сілтеме жасап. Бұл жағдай әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін белгілі болды.
Аталған оқиғаға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді. Мәліметке сәйкес, науқасқа 2023–2024 жылдары хирургиялық ота жасалған.
2024 жылдың 12 қаңтарында видео негізінде жарадан дәке тығыны табылғаны анықталған.
Алайда, жүргізілген сараптама оның операция кезінде қолданылған медициналық материал емес екенін көрсеткен.
«Полиция мен прокуратура тексеру барысында медициналық көмек көрсету кезінде заңбұзушылық анықтаған жоқ. Сараптама комиссиясы науқастың денсаулығына зиян келмегенін растады. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды», – деп хабарлады басқарма.