Қарағанды облысы полиция департаментінің кинологиялық орталығында қызмет еткен Берта есімді ізкескіш иттің еңбек жолы мәресіне жетті. Жарылғыш заттарды анықтауға машықтанған ол талай жауапты тапсырмаларда қырағылығымен көзге түсіп, адам өмірін қорғауға өз үлесін қосты.
Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Берта үшін бұл жылдар жай ғана қызмет емес, нағыз адалдық пен сертке берік болудың үлгісі болды. Оның сенімді серігі – кинолог Темірлан Ұлдыбеков екеуі бірге талай күрделі жедел іс-шараларға қатысып, қауіпті сәттерде бір-біріне сүйеніш бола білді.
Зейнетке шығу сәті жеткенде, Берта иесін қимай, жанарынан ерекше мұң сезілгендей болды. Бұл – үнсіз болса да, терең байланыс пен адал достықтың белгісі еді. Әріптестері ақылды жануарға алғыс білдіріп, оның еңбегін зор құрметпен атап өтті.
Берта енді тыныш өмірге қадам басса да, оның қызметтегі ерлігі мен адалдығы ұзақ уақыт бойы ел жадында сақталары сөзсіз.