Қарағандыда «Шахтёр» футбол клубының жаңартылған құрамы таныстырылды

gov.kz

Қарағандыда «Шахтёр» футбол клубының жаңартылған құрамы көпшілікке таныстырылды. Бұл шара команданың тарихындағы жаңа кезеңнің символдық бастауына айналды.

Клуб құрамды жасақтауда жастық жігер мен тәжірибенің үйлесіміне басымдық берген. Болашағынан үміт күттіретін жас ойыншылар тәжірибелі футболшылармен толықтырылып, командаға қарқын мен тұрақтылық әкелуге бағытталған. Орташа жас көрсеткіші 22–23 жасты құрайтын «Шахтёр» Бірінші лигадағы ең жас ұжымдардың біріне айналды.

1950 жылы құрылған футбол клубы өңірдің айшықты нышандарының бірі саналады. Жеңісті кезеңдер мен күрделі белестерден өткен команда енді дамудың жаңа сатысына қадам басып отыр.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев клубтың болашағына қатысты стратегиялық ұстанымды атап өтті.

— Жаңарған «Шахтёрді» алда күрделі кезең күтіп тұр. Алайда бас демеушіміз — Freedom компаниясымен бірлесе отырып, біз аула футболынан бастап кәсіби деңгейге дейінгі тұтас футбол экожүйесін қалыптастырып жатырмыз. Нақты жоспарымыз бар, оны кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Оның айтуынша, өңірде ауқымды өзгерістер басталған: стадионды қайта жаңғырту, футбол академиясын салу және жаңа манеждерді іске қосу жоспарлануда.

Кештің негізгі сәттерінің бірі — команданың ресми таныстырылымы болды. Сахнаға футболшылар, жаттықтырушылар құрамы және клуб қызметкерлері шықты. 

Жаңа стратегия ойыншыларды тұрақты ойын тәжірибесі арқылы дамытуға, олардың әлеуетін кезең-кезеңімен ашуға және ұзақ мерзімді мақсаттары бар команда қалыптастыруға бағытталған.

Команда капитаны Игорь Шацкий жанкүйерлер қолдауының маңызын ерекше атап өтті.

— Біз сіздердің қолдауларыңызды әр матчта — өз алаңымызда да, сырт алаңда да сезінеміз. Бұл бізге сенімділік береді. Қай клубтың намысын қорғап жүргенімізді жақсы білеміз, мақсатымыз — әр ойында жеңіске жету, — деді Игорь Шацкий.

2025 жылдың желтоқсан айында клуб Freedom Holding Corp. басқаруына өтті. Бұл шешім даму мүмкіндіктерін кеңейтіп, басқару жүйесін нығайтты. Компанияның атқарушы директоры Тимур Турлов ұзақ мерзімді стратегияға ерекше тоқталды.

— Біз мықты құрам жасақтап, маусымға нақты жоспармен қадам бастық. Негізгі басымдық — жергілікті жас ойыншыларға беріледі. Біз тек команда емес, оның айналасындағы толық инфрақұрылымды дамытып жатырмыз: академия, жаңа алаңдар, заманауи тәсілдер. «Шахтёрдің» жаңа тарихы дәл бүгін басталады, — деді Тимур Турлов.

Өңірде әкімдікпен бірлесе отырып, балалар лигасы BFL-ден бастап мектеп бағдарламаларына, түрлі турнирлер мен фестивальдерге дейінгі тұтас футбол жүйесі дамытылуда. Бұл болашақта клубтың кадрлық резервін қалыптастыруға негіз болады.

Таныстырылым барысында команданың жаңа ойын формасы да көрсетілді: өз алаңындағы матчтарға арналған дәстүрлі қызғылт сары, ал сырт алаңдағы кездесулерге арналған ақ түсті жейде ұсынылды.

Тағы бір маңызды оқиға — клубтың даңқ залының ашылуы болды. Оның алғашқы мүшелері ретінде «Шахтёрдің» аңыз ойыншылары Пётр Асылбаев, Андрей Финонченко және Айдос Таттыбаев енді.

Кештің қорытындысы ретінде сахнада Дастан Оразбеков өнер көрсетті. 

Ресми бөлімнен кейін жанкүйерлер ойыншылармен жүздесіп, естелік суретке түсіп, қолтаңба алу мүмкіндігіне ие болды.

Дереккөз: Gov.kz