Мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесі жыл сайын жетілдіріліп келеді. Осы бағытта Президенттік және Өңірлік кадр резервтері, меритократия қағидаты, сондай-ақ, конкурссыз тағайындау ерекше маңызға ие.
Президенттік кадр резерві
Бұл бастама талантты әрі білімді жастарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған.
Аталған резервке іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Үміткерлер алдымен онлайн тіркеліп, кәсіби және қабілеттік тестілеуден өтеді. Одан кейін ассессмент кезеңі, сарапшылық комиссиямен әңгімелесу және ұлттық комиссияның шешімі қарастырылады. Барлық кезеңдер ашық әрі әділ өтеді.
Резервке енген жастар орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігіне ие болады.
Қарағанды облысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне 6 адам жолдама алғанын атап өтуге болады
Өңірлік кадр резерві
Еліміздің дамуына үлес қосатын, білікті басқарушыларды қалыптастыруға бағытталған стратегиялық жоба.
Өңірлік кадр резервіне іріктеу барысында кандидаттардың білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі, басқарушылық қабілеті дағдылары бағаланады. 2025 жылы резервке Қарағанды облысынан
25 адам іріктелді.
Конкурссыз тағайындау
Мемлекеттік қызмет жүйесінде Өңірлік кадр резервінде тұрған мамандарды қызметке тарту үшін конкурссыз тағайындау тетігі де қарастырылған. Бұл механизм білікті кадрларды мемлекеттік органдарға жедел тартуға мүмкіндік береді.
2025 жылы Өңірлік кадр резервінен 12 адам мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз орналастырылды.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке кіру процесін жеңілдету мақсатында 2022 жылы мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға өзгерістер енгізілді.
Енді жоғары оқу орнын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары көрсеткішпен бітірген түлектер (академиялық нәтиже GPA 3,33) мемлекеттік қызметке ауылдық, аудандық деңгейдегі лауазымдарына (басшылық емес лауазымдарына) конкурссыз орналаса алады.
Бұл бастама жастарға ауылдық жерлерде жұмысқа орналасуға бағытталған.
2024 жылы – 18, 2025 жылы 19 жас түлек мемлекеттік қызметке осы тәсіл арқылы конкурстық іріктеусіз орналастырылды.
Меритократия қағидаты
Мемлекеттік қызметке білімді әрі қабілетті жастарды тарту, сондай-ақ, оларды қабілеттеріне және жетістіктеріне қарай меритократия жолымен тағайындау жүзеге асырылуда.
2025 жылы Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдарында 167 басшылық лауазымына 87 (52%) мемлекеттік қызметші меритократия қағидаты негізінде тағайындалды.
Ал орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімдерінде 98 басшылық лауазымның 45-іне (46 %) осындай тәртіппен тағайындау жүзеге асырылды.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тоқсан сайын жоғары нәтижеге бағаланған мемлекеттік қызметшілер конкурстық рәсімдерсіз жоғары лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігіне ие.
Аталған бастамалар мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа буын кәсіби мамандарын тартуға, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын тиімді кадрлық саясат қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Б.Макеев
МҚІА Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары,
Әдеп кеңесі хатшылығының меңгерушісі