Заттарға екінші өмір сыйлау: теміртаулық кәсіпкер экологиялық тұтыну мәдениетін дәріптеп жүр

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан

Матаның қиындысынан тігілген белдемше, былғары етіктен жасалған әшекейлер — Теміртауда кәсіпкер Галина Кривец апсайклинг бағыты бойынша әлеуметтік-шығармашылық жобаны жүзеге асырып келеді. Ол ескі заттарды жаңа бұйымдарға айналдырып қана қоймай, осы қолөнердің қыр-сырын балалар мен ересектерге үйретіп жүр. 

Жобаны іске асыруға кәсіпкердің мүмкіндігі шектеулі баланың анасы ретінде алған 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грант мүмкіндік берген.

Галина Кривецтің бастамасы — шығармашылық ойдың қоғам үшін маңызды жобаға ұласуының айқын үлгісі. Оның шеберханасында ескі бұйымдар жаңа өмірге ие болып, қатысушылар пайдалы дағдыларды меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл идея «апсайклинг» ұғымын білмей тұрып-ақ пайда болған. Бұрын ол ескі киімдерді өзіне және жақындарына лайықтап қайта тігіп, тұрмыста кәдеге жаратып жүрген.

— Шынын айтсам, ұзақ уақыт бойы мұның апсайклинг деп аталатынын білмедім. Мен жай ғана ескі заттарды қайта өңдеп, жаңаша пайдаланатынмын. Шамамен он үш жасымда үлкен өлшемдегі вельвет белдемше мен кеудешем болды. Оларды киіп көріп, біртіндеп тарылтып, өзіме шақтап тігетінмін. Ол кезде пішім үлгілерін де қолданбадым — тек тәжірибе арқылы үйрендім, — дейді ол.

Алғашқы бұйымдарын Галина көбіне түйсікке сүйеніп жасаған. Мысалы, гүл пішінін шығару үшін матаны бұрап, түрлі тәсілдерді байқап көріп, өзіндік дизайн ойлап табатын. Уақыт өте келе бұл әуестік тұрақты шығармашылық бағытқа айналды. Қазір шеберханада мақта маталарынан бастап табиғи былғары мен экобылғарыға дейін әртүрлі материалдар пайдаланылады. Ескі заттардан әшекейлер мен аксессуарлар, сәндік элементтер және интерьерге арналған композициялар дайындалады.

— Біз адамдарға киім кішірейіп қалды немесе ұнамай қалды деп оны бірден тастау міндетті емес екенін көрсеткіміз келеді. Егер матаның сапасы жақсы болса, оған екінші өмір сыйлауға болады. Кейде аз ғана қиялдың өзі жеткілікті. Мысалы, менде кестесі бар етік болды. Жыртылып қалған соң оны тастауға қимадым. Кестеленген бөлігін қиып алып, шеттерін өңдедім — нәтижесінде әдемі әшекей шықты, — дейді кәсіпкер. — Ерекше түймелер мен сәндік бөлшектерді де жаңа бұйымдар жасауға пайдалануға болады. Сабақтарымызда біз жиі осылай жұмыс істейміз: ескі заттарды алып, оларды мүлде жаңа дүниеге айналдырамыз.

Жоба қатысушылары сабақ барысында тігін машинасында жұмыс істеуді, қолмен тігудің тәсілдерін және бұйым жасаудың негізгі дағдыларын меңгереді. Ескі жемпірлер ойыншықтарға немесе жылы аяқкиімге айналса, жейделерден сәндік бұйымдар мен тұрмыста қолданылатын пайдалы заттар жасалады. Сабақтарға балалар да, ересектер де қатысады. Ең жас қатысушы небәрі сегіз жаста. Оған тапсырмалар қызығушылығына қарай таңдалып беріледі.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты — мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сабақтар. Галина Кривецтің өзі де осындай баланы тәрбиелеп отырғандықтан, ол барынша қолжетімді әрі қолдаушы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі.

— Мұндай балалар үшін кейде процестің өзі емес, нәтижесі маңыздырақ болады. Өз еңбектерінің нәтижесін көргенде, тіпті жұмыстың аз ғана бөлігіне қатысса да, олар қатты қуанады. Олар үшін «менің қолымнан келді» деген сезімді сезіну өте маңызды. Бұл өзіне деген сенімділікті арттырып, шығармашылыққа деген қызығушылықты оятады, — дейді Галина.

Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік грант жобаның бастапқы кезеңінде үлкен қолдау болған. Галина «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша білім алып, бизнес-жоспар әзірлеп, өз идеясын жүзеге асыра алған. Алынған қаражатқа тігін жабдықтары мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Қазір шеберхана қызметі біртіндеп кеңейіп, жаңа қатысушыларды тартуда.

Мүмкіндігі шектеулі адамдар мен олардың қамқоршылары арасында кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік қолдаудың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Өткен жылы Қарағанды облысында осы санаттағы тұрғындардың жеке жобаларын жүзеге асыру үшін 58 грант бөлінді.