«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының қалалық филиалы өкілдері «Барыс Арена» көпфункционалды мұз сарайының қызметкерлерімен, сондай-ақ мұз спорт түрлерінің өкілдерімен кездесті.
«Барыс Арена» – көпфункционалды мұз сарайы және Континенттік хоккей лигасында қатысатын «Барыс» хоккей клубының үй аренасы. Кешенде негізгі мұз алаңынан бөлек, жаттығу мұз айдыны, олимпиадалық бассейн және көркем жүзуге арналған бассейн бар. Барлығы аренада 300-ге жуық қызметкер еңбек етіп, спортшылар жаттығуда.
Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, сондай-ақ олардың мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуы үшін маңызы жан-жақты түсіндірілді. Іс-шара ашық диалог форматында өтті: қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, ұсынылып отырған өзгерістер жөнінде пікір алмасты.
«Біз әрдайым тұрақтылықты қолдап келдік және мемлекетіміздің дамуының жаңа кезеңін қолдаймыз», – деді кездесуді аша отырып, «Барыс» хоккей клубының бас директоры Сәкен Мұсайбеков.
Астана қаласы бойынша Жалпыұлттық коалиция филиалының жетекшісі Ерлан Каналимов елде спортты дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.
«Спорт – ұлт денсаулығына ғана емес, сонымен қатар экономикаға, туризмнің дамуына және еліміздің халықаралық беделіне әсер ететін маңызды салалардың бірі. Жаңа Конституция жобасында мемлекеттің тұрақты дамуының қағидаттары бекітіледі, бұл спорт саласының одан әрі дамуына да берік негіз қалайды», – деді ол.
Сондай-ақ спортты дамытуға қатысты заңнамалық базаға ерекше назар аударылды. Дене шынықтыру және спорт туралы заң нормалары спортшылардың, жаттықтырушылардың және спорт ұйымдарының қызметін реттеп, бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына жағдай жасайды. Жас дарындарды және спорт ардагерлерін қолдау және спорт нысандары мен инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері ерекше мәнге ие.
Кездесуде спикерлер ретінде қалалық мәслихат депутаты Азамат Айтхожин және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамаладен Ибрагимов сөз сөйледі.
Кездесу соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға жаңа Конституция жобасын мазмұнды түсіндіргені үшін алғыс білдіріп, жаңартылған Конституция ережелерін іске асыруға азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Бұл ережелер елдегі тұрақтылықты нығайтып, мемлекеттің одан әрі орнықты дамуына бағытталған.
Дереккөз: referendum2026.kz.