8 наурыз қарсаңында Қарағанды облысында бала тәрбиелеп, кәсіпкерлікті дамытып, адам өмірін сақтап, білім беріп, ғылыммен айналысып, спортта жеңіс тұғырынан көрініп жүрген әйелдерге алғыс сөздер айтылды. Облыс әкімдігінде өткен мерекелік кездесу күн сайын қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жандарды бір арнаға тоғыстырды.

— 8 наурыз — тек көктемнің мерекесі ғана емес, сонымен бірге әйелдердің ел дамуына қосқан үлесін мойындау күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аналарға арналған салтанатты іс-шарада: «Әке ұл тәрбиелейді, ана ұлт тәрбиелейді», — деп атап өткен еді. Бұл сөздердің астарында терең мән жатыр. Ұлттың болашағы өскелең ұрпақ тәрбиесінен басталады. Ал әрбір баланың жетістігі, ең алдымен, ананың мейірімі мен қамқорлығының жемісі. Сіздерге алғыс пен ризашылық сөздерін күн сайын айтуға болады. Сіздер тек отбасының ғана емес, бүкіл елдің тірегісіздер. Кәсіби жетістіктеріңіз бен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан баға жетпес үлестеріңіз арқылы мемлекетіміздің болашағын қалыптастыруға зор үлес қосып келесіздер, — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әйелдерді құттықтай отырып.

Өңірдің барлық дерлік саласында әйелдердің еңбегі айқын көрінеді.

Қарағанды облысында шамамен 53 мың кәсіпорынды әйелдер басқарады — бұл өңірдегі бизнестің жартысына жуығы.

Жыл сайын әйелдер бастамашы болған 300 жоба қаржылай қолдау алады, бұл қаржыландырылған барлық бастамалардың шамамен 60 пайызына тең.

Тек өткен жылдың өзінде 177 өңір тұрғыны жеке ісін ашу мен дамыту үшін грант иегері атанды.
Мереке қарсаңында бес қарағандылық әйел «Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Қарқаралы ауданының тұрғыны, агроөнеркәсіп саласының еңбек ардагері Сәуле Жидебаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалін Қазақстан Республикасының Президенті табыстады.
Марапатталғандардың қатарында Шет ауданы Красная Поляна ауылы дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Елена Уланова да бар. Оның еңбегі «Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденімен бағаланды. Ол медицина саласында 1981 жылдан бері қызмет етіп келеді. Дәрігер алған әсерімен бөлісіп, ауыл медицинасындағы өзгерістер туралы айтты.
— Мемлекеттік награда алу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл — медицина қызметкерлерінің еңбегі бағаланатынын көрсетеді. Бүгінде ауыл медицинасы жақсы деңгейде дамып келеді: бізде заманауи медициналық жабдықтар бар, биыл жаңа жедел жәрдем көлігін алдық, ал күрделі жағдайларда телемедицина мүмкіндігін пайдалана аламыз. Барлық әйелдерге ең алдымен мықты денсаулық, отбасы амандығы, береке мен әрқайсымыз армандайтын барлық игілікті тілеймін, —деді Елена Уланова.

Бүгінде әйелдер кәсіпкерлікті, қоғамдық бастамаларды және білім беру жобаларын дамытуға белсенді атсалысып келеді. Олар игере алмайтын мамандық жоқ десек те болады.
Венера Мұқашева «Олжа» шаруа қожалығын басқарады. Қалада өскен ол туған-туыстарына көмектесу үшін ауылға көшіп барып, сол жерде тұрақтап қалған. Қажет болған жағдайда ерлермен қатар еңбек ететінін айтады.
— Мемлекеттің қолдауымен өз шаруашылығымызды аштық. Бүгінде мал өсірумен қатар өнімімізді өңдеп, сатумен де айналысамыз. Осындай тамаша көктем мерекесінде барлық әйелдерге денсаулық пен отбасы амандығын тілеймін. Отбасында береке мен үйлесім болса, қалғанының бәрі де — бизнес те, күнделікті тіршілік те — өз жолымен реттеледі, — дейді Венера Мұқашева.

Кездесу барысында аналарға ерекше алғыс айтылды.

Мерекеге орай көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқалары табысталды.
Мерекелік жиынға жас дарындар да шақырылды.
— Осындай іс-шараға шақырту алу мен үшін күтпеген қуаныш болды. Залда әртүрлі мамандық иелері — қызықты әрі талантты әйелдер жиналған. Олардың әрқайсысы еліміздің дамуына өз үлесін қосып келеді, — дейді халықаралық робототехника жарыстарының жеңімпазы, «Мұрагер» мектебінің 11-сынып оқушысы Дидар Әлімбет. — Осындай жандардың арқасында біз болашаққа сеніммен қараймыз.
Мерекелік шара Кеншілер мәдениет сарайында жалғасты.
Онда жергілікті шығармашылық ұжымдар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.