Қарағандыда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасуда

Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің сайтынан алынды

Қарағандыда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Биыл негізгі жылу магистральдары, сорғы станциялары және тозығы жеткен кәріз желілері қамтылады. Тозу деңгейі 100 пайызға жуықтаған екі кәріз коллекторын қайта жаңғыртуды бастау жоспарланған.

— Қала көркейіп келеді: жолдар жөнделуде, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер жаңартылуда. Алайда қалыпты өмірдің негізі — жылу, су, жарық және ақаусыз жұмыс істейтін кәріз жүйесі. Егер осы салаларда мәселе туындаса, қалғанының бәрі екінші кезекке ығысады. Сондықтан коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға басымдық беруді жалғастырамыз, — деп атап өтті Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов.

Өткен жылы 1972 жылы салынған М-2 жылу магистралін қайта жаңғырту басталған болатын. Елу жылдан астам уақыт бойы ол қаланың орталық бөлігін жылумен қамтамасыз етіп келеді. Тозу деңгейінің жоғары болуы нысанды кезең-кезеңімен жаңартуды талап етті. Жаңғыртылатын учаскенің ұзындығы — 3095 метр. Магистраль мыңға жуық нысанға, оның ішінде жеке және көпқабатты тұрғын үйлерге, сондай-ақ әлеуметтік мекемелерге қызмет көрсетеді. Жобаның нәтижесінде апаттылық деңгейі мен жылу шығыны азайып, жүйенің тозуы төмендеп, жаңа нысандарды қосуға резерв қалыптастыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар «Қосымша» жылу магистралін Сұрыптау мен Пришахтинск бағытында қайта жаңғырту жалғасуда. Учаскенің ұзындығы — 2 274,5 метр, қамту ауқымы — 489 нысан. Жоба ақаулар санын қысқартуға, жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттыруға және алдағы уақытта Шахтерский кентіндегі көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарды қосуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, ЖЭО-3-тен Орталық транзиттік-тарату жылу пунктіне дейінгі жылу магистралінің бірінші кезегін қайта жаңғырту жүргізілуде. Ұзындығы — 2424,5 метр. Бұл нысан шамамен 2500 тұтынушыны жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй, 600-ден астам әлеуметтік және коммерциялық ғимарат, сондай-ақ жеке үйлер бар. Мұнда да апаттылықты және жылу шығынын азайту, болашақта жаңа нысандарды қосу мүмкіндігін кеңейту көзделген.

«Гүлдер» шағын ауданында орталық жылу пунктінің орамішілік желілерін қайта жаңғырту басталады. Соның нәтижесінде қуаттылық 46,3-тен 68,84 Гкал/сағатқа дейін артады. Бұл сорғы агрегаттарының өнімділігін көтеріп, жылумен қамту сапасын жақсартуға, сондай-ақ 600 орындық жайлы мектеп пен жаңа тұрғын үйлерді орталықтандырылған жүйеге қосуға мүмкіндік береді.

Биыл орамішілік желілер мен «Панель-орталық 2» және «Панель-орталық 3» екі сорғы станциясының құрылысы жоспарланған. Жоба жүйенің қуатын арттыруға, гидравликалық және температуралық режимдерді жақсартуға, жылумен жабдықтау сапасын көтеруге бағытталған.

Жеке бағыт ретінде кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. 2026 жылы екі ауқымды жоба іске қосылады. 1976–1979 жылдары пайдалануға берілген №19 коллекторды қайта жаңғырту басталады. Оның тозу деңгейі 95 пайызға жеткен. Жоба Жаңа қаладағы (Мелькомбинат, Кирзавод-1–2 аудандары және Волочаевская көшесі) сарқынды суды тұрақты бұруды қамтамасыз етіп, апаттық тәуекелдерді азайтуға және экологиялық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 1970 жылы пайдалануға берілген Өркен көшесіндегі коллекторды қайта жаңғырту басталады. Мұндағы тозу деңгейі 100 пайызға жеткен. Жоба Майқұдық пен Сұрыптау тұрғындары үшін тұрақты су бұру жүйесін қамтамасыз етуге бағытталған.

Барлық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

— Бұл қала үшін аса қажетті жұмыс. Аталған жүйелердің жағдайына жылу маусымының тұрақтылығы, әлеуметтік нысандардың жұмысы және аудандардың күнделікті тіршілігі тікелей байланысты, — деп қорытындылады қала әкімі.