Алматы колледждерінің бірінде болған алғашқы әскери дайындық сабағының бейнесі әлеуметтік желіде жария болды. Кадрда ер адамның мылтықты оқушының басына орналастырылған нысанаға атып жатқанын көруге болады. Алдымен жігіт көзін қолымен жауып, оқ атқаннан кейін «тимеді» дейді.
Белгілі болғандай, бұл жағдай Алматы сәулет, дизайн және инженерия колледжінде, алғашқы әскери дайындық (АӘД) сабағы барысында орын алған.
Колледж басшылығы ақпаратты растап, жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
“Алматы сәулет, дизайн және инженерия колледжінде сабаққа қатысы жоқ оқиға орын алды. Оқытушының топпен бейресми қарым-қатынасы барысында штаттық оқ-дәрілер қолданылмай, жұмсақ затты (мақта) пайдалану арқылы пневматикалық мылтықтан оқ атылған, ешкімге зиян келтірілмеген. Аталған әрекеттер оқыту әдісі де, жазалау түрі де емес. Колледж әкімшілігі педагогикалық этика мен қауіпсіздік техникасы талаптарының бұзылғанын мойындайды”, – делінген хабарламада.