Бұл Сейіл--
Тірі қалған Оғызыңдай!
Гитара—
Қорқытыңның Қобызындай!
Арқаға Еуропаң көшіп келді,
Қазақтың үйірмен үш-- тоғызындай!,
Алашты адамзаттан биіктетіп,
Жеріне жеті нота сыйып кетіп;
Гитараң Қобыздайын боздап кетті,
Сейілдің саусақтары тиіп кетіп!
Көңілді ел бақсыға еріп көтерген-ді;
Қаншама жақсыма еріп, бөтен келді:
Моцарттың «Түрік маршын» домбыраға,
Салып бір Мағауия көкем келді!
Алаштың жүрген жері—адамшылық,
Алдымнан жебейді ылғи Далам шығып;
Жаһанға Мен сіңбеспін бұлар барда,
Жаһаның кетер қайта Маған сіңіп!
Кеткен жоқ бойдан—қуат,
Ойдан—аңыз,
Көрінер бекзат тұлғам тойда-- нағыз;
Сайтанмен ойнасаң да,
Жаһандану,
Қазақтың Жүрегімен ойнамаңыз!
Керуенге ілеспей сан жолда қалдым,
Көшімді, сонсоң, әзер оңдап алдым,
Қазақтың жүрегімен ойнап-ойнап,
Ойыны осылды ғой оңбағанның.
Бұл Сейіл--
Тірі қалған Оғызыңдай!
Гитара—
Қорқытыңның Қобызындай!
Арқаға Еуропаң көшіп келді,
Қазақтың үйірмен үш-- тоғызындай!,
Серік Ақсұңқарұлы