Алтын айтты: «Сатып алам...»
Болат айтты: «Тартып алам!».
(А. Пушкин)
– Үстінен аттап ұяттың,
Ақыл,
Ар,
Зардың,
Адамның өзін азғырып, сатып алғанмын!
Адам – кім?
Мен – кім?!
Білсең – айт, неде күш, пенде?
Қайтадан сатып жіберем –
Ерегіскенде!
Жүр екенсің-ау, кәріме жолықпай, мүлдем,
Пушкаңыз түгіл –
Пушкиннен қорықпаймын мен!
Тістенбе босқа ерінді қыршып:
Еліңді быт-шыт еткен – Мен!
Жеріңді – быт-шыт...
Қорықпаймын мен жыланның ордаларынан,
Сутегі,
Атом,
Нейтрон бомбаларынан!
Мені еске ал, пендем, шықса олар ойнақшып алдан:
Бәрін де соның өзіммін –
Ойлап шығарған!
Патшалар – менің бөбегім.
Желкелеріңе
Мініп алса да тиме сол еркелеріме!
Жендетке тисең –
Тиеді ызғарлы лебім:
Ойнастан туған ұлым ол, қыздарым менің!
Солдаттар Менің құлдарым ер үстіндегі.
Соғыс тәңірі өзіммін Жер үстіндегі!
Өледі олар – Мен үшін! –
Назалы немем,
Сен үшін – Ақын, жетеді –
Азалы өлең...
Солдат тәндері жүзімді бүркемелейді.
Өлген құлдарға өмірі құн төленбейді!!!
Сұлулар – менің қатыным!
Өсек пе, қалай?
Жүзік боп барсам жүргізем төсекке қарай...
Баһадүрден де қаймықпас байқа түрімді,
Жерге де батыл айтамын –
Айтатынымды:
«Қара жер! –
Деймін –
О, менің қайран сарайым!
Дәуренім барда басымда – сайран салайын!»
Сұлуың Джоконда ма?!
Қайтып көрейін?!
Оның да құнын шотқа сап айтып берейін!
Мен –
Алтынмын!!!
Серік Ақсұңқарұлы