Теңгенің тұғыры Конституциямен бекітілмек

Фото: Life09

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің құқықтық мәртебесі енді конституциялық деңгейде айқындалмақ. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 9-отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдыңғы отырыстарда комиссия мүшелері бірқатар маңызды ұсыныстар енгізген. Бұл бастамалар көптеген елдерде конституциялық-құқықтық реттеудің негізгі нысанына айналған өзекті мәселелерді қамтиды. Осыған байланысты Конституция жобасына жаңа нормалар қосымша қарастырылып отыр.

Соның ішінде теңгені ұлттық валюта ретінде конституциялық тұрғыда бекіту туралы ұсыныс ерекше мәнге ие. Аталған бастаманы іске асыру мақсатында Конституцияның 2-бабы 6-тармақпен толықтырылған. Жаңа нормаға сәйкес, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы әрі ақша бірлігі – теңге болып белгіленеді. Сонымен қатар, теңгені эмиссиялаудың айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі екені нақты көрсетіледі.

Бұл өзгеріс ұлттық валютаның мәртебесін нығайтып қана қоймай, елдің қаржылық егемендігін конституциялық деңгейде бекемдеуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

 

Дереккөз: constcouncil.kz