Қазақстандық актриса тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді

Фото: Анель Аманғалиеваның жеке парақшасынан

Қазақстандық блогер әрі актриса Анель Аманғалиева жарты жылдан астам уақыт бойы заңды күйеуінен психологиялық және физикалық қысым көргенін айтты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. Оның сөзінше, ер адам ажырасу процесіне кедергі келтіріп, қоқан-лоқы көрсетіп келеді.

Актрисаның мәлімдеуінше, неке тіркелгеннен кейін күйеуі қорлау, қорқыту және манипуляция жасау әрекеттеріне барған. Сонымен қатар, интимдік материалдар арқылы бопсалағаны және әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашып, оның айналасындағы адамдарға жазғаны айтылды.

Анель Аманғалиева бірнеше рет физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын да жеткізді. Соның бірі – былтыр маусым айында Грузияда болған оқиға. Оның айтуынша, сол кезде күйеуі оны ұрып, мұрнын сындырған, алайда жедел жәрдем шақыруға мүмкіндік бермеген. Дәрігерлік көмек Қазақстанға оралған соң көрсетіліп, бас, мойын жарақаттары мен мұрын сүйегінің сынуы тіркелген.

Бұдан бөлек, Алматыда және Ташкент әуежайында жанжал туындап, ер адамның телефоны мен жеке заттарын тартып алғаны хабарланды.

Актриса жеке кәсібін бастап, байланысын үзгеннен кейін қысым күшейгенін, тіпті бірінші некеден туған 8 жастағы ұлына қатысты қорқытулар болғанын айтты.

«Өз қауіпсіздігім үшін бұл жағдайды жария етуге мәжбүрмін», – деді ол. Фото: Анель Аманғалиеваның жеке парақшасынан