Иранда екі күнде наразылыққа шыққан 30 мың адам қаза тапты

Фото: Life09

Иранның денсаулық сақтау министрлігі елде екі күн ішінде наразылыққа шыққан 30 мыңға жуық адам қаза болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Time журналының зерттеуіне сәйкес, Иранда тек 8 және 9 қаңтар күндері 30 мыңға дейін адам қаза тапқан болуы мүмкін. Бұл болжамды басылымға шығаруды Иранның денсаулық сақтау министрлігінің екі қызметкері ұсынған.

“Қаза болған демонстранттардыі көптігі сонша, мемлекеттік қызметтер мәйіттерді тасымалдап үлгермеген, сол себепті оларды жеткізу үшін жедел жәрдем көліктерімен қатар басқа да көліктер пайдаланылған”, – деп мәлімдеді министрлік қызметкерлері.

Алайда Иран билігінің ресми деректеріндегі қаза тапқандардың саны айтарлықтай төмен. 21 қаңтарда ел билігі 3 117 адамның қаза тапқанын мойындады. Тәуелсіз құқық қорғаушылардың жариялаған көрсеткіштерінде де айырмашылықтар бар. АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency агенттігі 5 459 адамның  мерт болғанын растаған. Ал тағы 17 мыңнан астам жағдай қазір тексеріліп жатыр. 

Time журналы хабарлаған 30 мың адамның өлімі туралы деректер Иран дәрігерлері мен құтқарушыларының дайындаған ішкі статистикасымен сәйкес келеді. Бұл деректерді неміс-иран офтальмологы Амир Параста талдаған.

Оның зерттеген материалдарына сәйкес, екі күн ішінде 30 304 адамның қаза тапқаны тіркелген. Алайда әскери ауруханалар мен жеке мәйітханаларға жеткізілген мәйіттер есепке алынбаған. Куәгерлер оқиға кезінде наразылыққа шыққандарға қарсы атыс қаруы қолданылғанын және электр қуатының толық өшірілгенін жеткізді.