Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасында болған басшылық арасындағы жанжалға байланысты тексеру тағайындалды.
Аталған жағдайды жан-жақты әрі объективті қарау мақсатында Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасына Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тарапынан қызметтік тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар ведомствоның қызметіне кешенді аудит жасалатын болады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Life09» ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тексеруге басқарма басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасында бұған дейін болған оқиға себеп болған. Жанжалға қатысты бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Қорытынды шешім қызметтік тексеру мен басқарма қызметіне жүргізілген аудит нәтижелері бойынша қабылданатын болады.