Қарағандыда қаланың басты спорт нысандарының бірі – «Шахтер» стадионын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Атқарылған жұмыстар мен спорт инфрақұрылымын одан әрі дамыту жоспарлары Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа облыс орталығын дамыту мәселелеріне арналған кеңесте таныстырылды.

Өткен жылы стадионда футбол алаңының негізі толық жаңартылып, сұйықтықпен жылыту жүйесі орнатылды және жеке жылу пунктіне дейін жылу трассасы тартылды.
Ауыр атлетика залына күрделі жөндеу жүргізіліп, шатыр, су және жылу жүйелері жаңартылды. Жаттығу құралдарының бір бөлігі ауыстырылып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта қамтамасыз етілді.
Ақпан айында алаңды жылыту жүйесін сынақтан өткізу жоспарланып отыр, ал мамыр айында жасанды жабынды төсеу көзделген. Сонымен қатар прожекторлық жарықтандыруды орнату, жеңіл атлетика секторына тартан жабынын төсеу, дауыс зорайтқыштар мен трибуналар үстіне қалқа қою жұмыстары қатар басталады.
Freedom Finance компаниясымен бірлесіп, киім ауыстыратын бөлмелері, медициналық пункті және қосалқы үй-жайлары бар жабық футбол манежі салынуда. Бұл нысан қыс мезгілінде де жаттығу өткізуге және балалар турнирлерін ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, спортты ерте жастан дамытуға жол ашады.

Сонымен бірге «Локомотив» стадионының футбол алаңын күрделі жөндеуден өткізу және «Шахтер» стадионының трибуналар астындағы үй-жайларын қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл жұмыстар нысанды UEFA-ның 4-санат талаптарына толық сәйкестендіруге бағытталған.
«Шахтер» стадионының негізгі алаңын қайта жаңарту жұмыстары биыл аяқталуы тиіс.

— 2026 жыл спорт инфрақұрылымын белсенді жаңғырту кезеңі болады. Негізгі басымдық – басталған жобаларды аяқтап, жаңа шешімдерді енгізу. Жөндеу, жабдықтау және құрылыс жұмыстары жоғары сапа стандарттарын қамтамасыз етіп, спортшылар мен көрермендерге қолайлы жағдай жасайды. Бұл әртүрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге және өңірдегі спорт саласын дамытуға серпін береді, — деді «Шахтер» КМКК директоры Нұрлан Рыстин.

Облыс әкімі спорт инфрақұрылымын жаңғырту өңір үшін басым бағыт екенін атап өтті.
— «Шахтер» стадионы – қаланың ең көне спорт нысандарының бірі. Мұнда жаттығу өткізуге, жарыстар ұйымдастыруға және көрермендер үшін барынша қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Бұл бүкіл облыс бойынша спорттың дамуына ықпал етеді, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ биыл «Күнгей» шағынауданында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілмек. Бұл Қарағанды тұрғындарының спортпен жүйелі түрде айналысуына қосымша мүмкіндік береді.
Дереккөз: Gov.kz