Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шамамен 39 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден жоғары. Аталған деректер өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен кеңесте жария етілді.
Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар кәсіпорындар мен қызмет көрсету саласында еңбек етіп қана қоймай, мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке кәсібін де жолға қоюда. 2025 жылы барлығы 1375 адам жұмысқа орналастырылды.

Олардың шамамен 400-і тұрақты жұмыс орындарына қабылданған. Атап айтқанда, бухгалтер, инженер, автоматтандырылған желілер операторы, аспаз және қосалқы жұмысшы сынды мамандықтар бойынша еңбек етуде. Тағы 582 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына — қоғамдық жұмыстар, «Күміс жас» және «Алтын жас» жобалары, сондай-ақ «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары аясында жұмысқа тартылған. Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар мәлімдеді.
Сонымен қатар жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жұмыс орындарын да құруда. Өткен жылы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған 15 арнайы жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде есту, көру және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар жұмыспен қамтылды.

Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіби даярлау жүйесі де кезең-кезеңімен дамып келеді. Олар тігінші мен электрик мамандықтарынан бастап, дәнекерлеуші және автослесарьға дейінгі жұмысшы кәсіптерін меңгеруде. Тұрғындар Skills Enbek платформасы арқылы онлайн форматта оқудан өтуде. JumysTap жобасы аясында Қарағанды мен Теміртауда кеңес беру пункттері ашылып, онда артық бюрократиялық рәсімдерсіз оқыту мен жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін де қысқамерзімді курстар ұйымдастырылуда.

Қолдаудың сұранысқа ие тетіктерінің бірі — кәсіп ашуға немесе оны дамытуға арналған гранттар болып отыр.
— 2025 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында 255 адам оқудан өтті. Нәтижесінде әрқайсысы 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі 96 грант берілді. Осы қаражаттың есебінен өңірде ательелер, шеберханалар, наубайханалар, тұрмыстық техника мен автокөліктерді жөндеу сервистері, клинингтік компаниялар, сондай-ақ спорттық және сауықтыру орталықтары ашылды, — деді Төлеу Мұхтар.
Ал 2026 жылы өңірде шамамен екі мың мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Сонымен бірге Алматы қаласында жүзеге асырылып жатқан бастаманың үлгісі бойынша JOB COACH жобасын іске қосу көзделуде. Жоба мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбек нарығында бейімдеуге және тұрақты жұмысқа орналасу кезеңінде сүйемелдеуге бағытталған. Қалалар мен аудандардағы мансап орталықтарында арнайы мамандар бекітіліп, олар үміткерлерге кәсіби бағдар беру, бос жұмыс орындарын іріктеу, оқыту және жұмыс орнында бейімделу мәселелері бойынша қолдау көрсететін болады.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі жұмыс орындарының санын қайта қарап, ұлғайтуды тапсырды.
— Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі жүйелі әрі нақты тәсілді талап етеді. Белгіленген квоталар мен іске асырылып жатқан жобалар еңбекке қабілетті азаматтардың нақты саны мен оларды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктеріне сай болуы тиіс. Осыған байланысты қалалар мен аудандардың әкімдеріне көрсеткіштерді қайта қарап, әрбір бағыт бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырамын, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.