Қарағандыда инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары жалғасып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы цифрлық басқару жүйесіне кезең-кезеңімен көшірілуде. Қаланың дамуы бекітілген бес жылдық бағдарлама мен жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған инвестициялық жоспар аясында жүзеге асырылып жатыр.

Облыс орталығының алдағы жоспарлары мен негізгі жобалары өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен кеңесте талқыланды.

– Биыл басты назар коммуналдық секторды жаңарту мен кеңейтуге аударылады. Қазір қаланың кәріз жүйелері басымдыққа ие. Әсіресе коллекторлар түбегейлі жаңартуды қажет етеді. Бұл – коммуналдық тұрақтылықтың негізі, онсыз қаланың одан әрі дамуы мүмкін емес, – деді облыс әкімі. – Тағы бір стратегиялық жоба – ЖЭО-3-тің 9-энергоблогы мен 7-турбоагрегатын салу. Бұл 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысанды жылумен қамтуға мүмкіндік беріп, Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс арасындағы жаңа аудан үшін энергетикалық қор қалыптастырады.

Биыл «Қосқыш» жылу магистраліне жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады, сондай-ақ тағы төрт жоба бойынша жұмыстар жалғасуда. ЦТРП-1 М2 нысанының бірінші кезегі 2,5 мыңнан астам нысанның жылумен қамтылуын жақсартады. Гүлдер-1 және Гүлдер-2 шағынаудандарында жылу станциясының қуаты арттырылып, жаңа мектеп пен алты тұрғын үйді қосуға мүмкіндік туады. Ал М5 жылу магистралін қайта жаңғырту нәтижесінде тағы 12 тұрғын үй мен екі әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етіледі.
Маңызды нәтижелердің бірі – қаланы орталықтандырылған ауызсумен толық қамту. 2025 жылы жалпы ұзындығы 65 шақырымнан асатын 21 жоба іске асырылды.
Мемлекет басшысының цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмалары да орындалып жатыр. «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясында MESone платформасында бірыңғай қалалық диспетчерлік қызмет құру жұмыстары басталды. Бұл коммуналдық қызметтерді жүйелі әрі тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Жеке секторды газдандыру жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде газ желісі 10 мыңнан астам үйге жеткізіліп, оның 5 мыңнан астамы толық қосылған. Бес іске қосу кешені пайдалануға беріліп, алтыншысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол Күнгей және Таугүл шағынаудандарын газбен қамтамасыз етіп, шамамен 5,5 мың қосылу нүктесін қамтиды. Жоба жаңа құрылыстарды ескере отырып кеңейтілді.

Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, Федоровка ауданындағы тұрғын үйлерге арналған жетінші іске қосу кешені бойынша жобалар қатар жүзеге асырылып, бұл Жаңа базар аумағындағы үйлерді газдандыруды жалғастыруға мүмкіндік береді.

Қалада бюджет қаражаты есебінен де, жеке инвестициялар тарту арқылы да тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар және қосымша білім беру нысандары салынып жатыр.

– Барлық жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету маңызды, – деп түйіндеді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Дереккөз: Gov.kz