Синоптиктер Алматыда қаңтар айында неге әдеттен тыс жылы ауа райы болып жатқанының себептерін түсіндірді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, температураның көтерілуі оңтүстік-батыстан – Орта Азия өңірлерінен, соның ішінде Ауғанстан, Иран және Өзбекстаннан келген жылы ауа массаларының әсерінен болып отыр.
Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша "Қазгидромет" РМК филиалының метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Даулет Кисебаевтың айтуынша, ауа массаларының дәл осы бағытта ауысуы қыстың жұмсақ өтуіне негізгі фактор болған. Қаңтар айының кейбір күндерінде Алматыда ауа температурасы +11 градусқа дейін көтерілген.
Осы кезеңде жауын-шашын да болмаған. Кисебаевтың деректеріне сүйенсек, аздаған қар тек 1 және 2 қаңтарға қараған түндері ғана жауған. Ал қалған уақытта ауа райы жылы болған.
Сонымен қатар Кисебаев қаңтарды әзірге аномальды жылы деп айтуға ерте екенін атап өтті. Қорытындыны тек қыс мезгілінің нәтижелері шығарылып, орташа айлық температуралар есептеліп, климаттық нормадан ауытқулар анықталғаннан кейін ғана жасауға болады.
"Алматы үшін қаңтардың жылы болуы – сирек құбылыс емес", – деп атап өтті Даулет Кисебаев.
Мысал ретінде ол өткен жылдардағы деректерді келтірді. Айталық, 2000 жылғы 6 қаңтарда қалада ауа температурасы +16,1 градусқа дейін көтерілсе, абсолюттік максимум 2002 жылғы 7 қаңтарда тіркеліп, +18,2 градус болған. Сондай-ақ 2007 жылғы қаңтардың екінші онкүндігінде ауа температурасы +12 мен +15 градус аралығында ауытқыған. Ал 2014 жылғы 20 қаңтарда термометр бағандары +12, +13 градусты көрсеткен.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 54 жыл бұрынғы температура рекорды жаңартқаны туралы хабарлаған едік.