Абайда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды

gov.kz

Абай ауданында халықты тұрғын үймен қамту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Осы бағдарламалар аясында кеше 38 кезекте тұрған азамат жаңа қонысқа көшті.

үй саясатының іске асырылуы нәтижесінде баспанаға қолжетімділік айтарлықтай артқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде тұрғын үйлерді бөлу құзыреті «Отбасы банкке» берілген. Биыл ауданда 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, сонымен қатар жеке құрылыс салушылардан 129 пәтер сатып алынған.

— Бүгін біз бірнеше тұрғын үйдің кілтін бір мезетте тапсырып отырмыз. Бұл — аудан тұрғындарының тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешудегі маңызды қадам, —деді аудан басшысы.

2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында салынған бес қабатты, 80 пәтерлі тұрғын үй Абай қаласының 30а шағын ауданында орналасқан. Аталған үйдегі пәтерлер ипотекалық несиелеу бағдарламалары арқылы берілуде.

Сондай-ақ Жеңіс даңғылындағы № 7/2 бес қабатты тұрғын үй мен Толағай тұйығындағы бір қабатты үйлер жеке құрылыс салушылардан сатып алынып, әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтарға бөлінді.

Көпбалалы ана Айжан Жүкенова тұрғын үй кезегінде шамамен 10 жыл тұрған.

— Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Енді екі отбасыға арналған жер үйде тұратын боламыз. Бұл үйлердің қалай салынып жатқанын өз көзіммен көріп, осындай баспана бұйырса екен деп армандадым. Мұнда жолдар асфальтталған, орталық жылу жүйесі мен кәріз жүргізілген, пәтердің жоспары да өте ыңғайлы. Балаларыммен бірге жайлы өмір сүреміз, — деді ол.

Абай қаласының тұрғыны Дидар Ысқақов Жеңіс даңғылындағы үйден пәтер алды. Ол «мүгедектігі бар тұлға» санаты бойынша 8 жыл бойы кезекте тұрған.

— Осы уақыттың бәрінде жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр болдым, ал қазір оның бағасы өте жоғары. Бұл — Жаңа жыл қарсаңындағы ең үлкен сыйлық. Қазақстанда әрдайым бейбітшілік пен береке болсын! — деді жаңа қоныстанушы.

Абай ауданында тұрғындарды қолжетімді әрі жайлы баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатыны атап өтілді.

Дереккөз: Gov.kz