Заманауи мектеп – болашаққа бастар баспалдақ

Фото: Life09

Қарағанды қаласындағы №19 жалпы орта білім беретін мектеп «Келешек мектеп» жобасы аясында жаңа форматта жұмыс істеп келеді. Білім ордасында ашылған заманауи STEM және технология кабинеттері оқушыларға шығармашылық ойлау мен техникалық қабілеттерін дамытуға кең мүмкіндік ұсынып отыр.

Мектеп директоры Гүлдана Асамиданованың айтуынша:
«Бұл мектепте оқытушылардың көбісі – жастар. Жастар техниканы жақсы меңгерген, балалармен тез тіл табысып кетеді. Мектептің ыңғайлы тұсы – бір ауысымда жұмыс істейтіні. Сабақтан кейін балалар асханадан тамақтанып, қосымша білім нәрімен сусындайды. Қазір 27 үйірме жұмыс істеп тұр. Әр бала өзі қалаған үйірмеге тегін қатыса алады», - дейді ол.

Үйірмелер әлемі: спорттан журналистикаға дейін

Технологиялық бағытпен қатар спорт, вокал, домбыра, сурет өнері және журналистика студиясы да бар. Әрбір баланың қызығушылығы мен қабілетін дамыту – мектептің басты қағидаларының бірі.

Биыл іске қосылған қыш өнері шеберханасының жұмысы ерекше сұранысқа ие. Мұнда балалар саз-балшықтан бұйым жасап қана қоймай, шығармашылық атмосферада тынығып, көңіл көтереді.

1

Қыш өнері үйірмесінің жетекшісі, жас маман Айсұлу Мағзина былай дейді:
«Қазіргі таңда үйірмеге 2–10 сынып аралығындағы 150 оқушы қатысады. Аптасына 5 рет өтеді, себебі барлық сынып қамтылған. Қышпен жұмыс жасау балалардың ұсақ моторикасын, қиялын дамытып, бастаған істі соңына дейін жеткізуге үйретеді».


Заманауи технология кабинеттері

Технология сабақтарына арналған кабинеттер ерекше жабдықталған. Қыз балаларға арналған толық жабдықталған ас үй сыныбы - нағыз шағын кулинарлық студия. Ал, ұлдарға арналған шеберханада түрлі құрал-сайман мен ағаш кесетін станоктар қойылған. Бұл жерде оқушылар өз қолымен бұйымдар жасап, еңбегінің нәтижесін көріп, өз күшіне деген сенімі артады.

2

Білім мен шығармашылыққа арналған кеңістік

Мектеп – оқушылардың түстен кейінгі уақытын тиімді өткізуіне жан-жақты мүмкіндік жасап отыр. Ағылшын тілін жетілдіруге арналған курстар, шығармашылық және техникалық үйірмелер – әр баланың жеке дамуына бағытталған.

Осындай мүмкіндіктер №19 мектепті қаладағы өзге білім беру мекемелерінен ерекшелеп, оқушылар үшін қолайлы әрі болашағы жарқын ортаға айналдырып отыр.

Автор: Айдана Таңатар