Қазақстан полициясы Данияға арнайы делегация жіберді. Дереккөздердің мәліметінше бұл сапардың мақсаты – ірі футбол матчтарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайлы Еуропалық тәжірибені зерттеу. Делегация стадион инфрақұрылымын, өткізу жүйесін, жанкүйерлер қозғалысын реттеу тәсілдерін және тәртіп бұзушылықтардың алдын алу шараларын қарастырады. Бұл сапарға аттанғандардың қатарында Алматы қаласы қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары Тимур Ноғайбаев және Әуезов ауданы полиция бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Майлықбаев бар.
«Үш күн бойы алматылық полицейлер екі тілде бейнекүнделік жүргізіп, Алматыда өтетін футбол матчтарын ұйымдастыруға қолдануға болатын негізгі байқаулар мен тәжірибелер жөнінде бөлісетін болады. Белгілі болғандай, қаламызда халықаралық деңгейдегі ойындар дәстүрлі түрде Орталық стадионда өтеді», – делінген қалалық ПД хабарламасында.
Айта кетейік, 2025 жылғы 26 қарашада Дания астанасы Копенгагенде алматылық «Қайрат» футбол клубы жергілікті «Копенгаген» командасымен Чемпиондар лигасы аясында кездесу өткізеді. Бұған дейін «Қайрат» сырт алаңда «Интерге» 2:1 есебімен ұтылса, «Копенгаген» лондондық «Тоттенхэмнен» 4:0 есебімен жеңілді. Турнирлік кестеде «Копенгаген» 33-орында болса, «Қайрат» 34-орында тұр. Қос клуб қоржынында бір-бір ұпайдан. Дат клубы тек соғылған және жіберілген голдар айырмасы бойынша ғана жоғары тұр. Кездесу 26 қараша күні, Астана уақытымен 22:45-те «Паркен» стадионында өтеді.