Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпановқа Қазақстан күрес федерациясынан бір жыл бұрын сертификаты табысталған пәтер әлі күнге дейін берілмеген.
Бұл туралы спортшы журналист Аслан Қаженовке берген жауабында айтты.
“Осы сертификатты алып, пәтерді алмағанына бір жыл болыпты. Өте ұят жағдай. Әлем чемпионы әлі күнге дейін бауырының үйінде тұрады. Өз отбасы бар. Өз өмірі бар. Бірақ, біреудің баспанасын паналауға мәжбүр. Жаттығу үшін Талғардан Алматыға қатынап жүр. Қанша уақыт жоғалтады?! Қанша жүйке жұқартады?! Масқара ғой”, – деп жазды журналист.
Айта кетейік, Нұрқожа Қайпанов 2024 жылы 70 кг дейінгі салмақта әлем чемпионы атанған еді.