Киров кенішіндегі жалақы төңірегіндегі дау соңғы күндері әлеуметтік желілерді шарлап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. «Altyn Komir Service» компаниясына қатысты айтылған сын-пікірлер жұртты алаңдатпай қоймады. Жалақы төмен, әлеуметтік жарналар кешігіп жатыр деген ақпарат көптің көкейінде "кеншілердің жағдайы расында мүшкіл ме?" деген сауал қалдырды. Оқиғаның анық-қанығын білу үшін «Life09» редакциясы кенішке арнайы барып, жұмысшылармен де, басшылықпен де тілдесіп қайтты.
Жалақы жайлы даудың астары бар
Компания өкілдері тарапынан берілген ресми ақпаратқа сүйенсек, желідегі мәліметтер шындыққа толық жанаспайды. Қазан айында ең төменгі жалақы алған 30 қызметкердің көбі ай бойы 0–90 сағат аралығында ғана жұмыс істеген. Сондықтан табыстың мардымсыз болуы жұмыс уақытының аздығынан.
Одан бөлек, көмір өндіру жоспары орындалмағандықтан бұл айда сыйақы төленбеген. Бірақ толық ай еңбек еткен 406 кеншіге 500 мың теңгеге дейін материалдық төлем беріліпті. Компания әлеуметтік жарналар бойынша қарыз барын мойындап, оны 18 қарашаға дейін толық өтеуге уәде етті.
Кеншілер не дейді?
Жеті жылдан бері шахтада маңдай терін төгіп жүрген Асхат Төлеуханов әлеуметтік желідегі пікірлерді естігенде таңғалғанын жасырмады. Оның айтуынша, ұжымдағы қарым-қатынас жақсы, еңбекақы жоспар мен атқарылған жұмыс көлеміне қарай әділ есептеледі.
– Жалақымыз көңілімізден шығады. Жаман болса, жүрмес едік. Премия жоспарға қарай беріледі. Айлық үш жылда бірінші рет бір аптаға кешікті, бірақ өндірісте ондай болып тұрады, – дейді ол.
Асхаттың сөзі көпшіліктің көңіліндегі күмәнді сейілткендей. Әкесі де осы шахтада 20 жылдан астам еңбек еткен кеншілер династиясының өкілі өндірістегі бұл мәселелерді қалыпты деп бағалайды.

Ғасырлық шахтадағы жаңару кезеңі
Киров шахтасы – тарихы ғасырмен өлшеніп, тамыры тереңге кеткен өндіріс ошағы. Ресми деректерге сәйкес, шахта 1930-жылдардың ортасында, шамамен 1934–1935 жылдары іске қосылып, алғашқы жылдары жылына 300–350 мың тонна шамасында көмір өндірген. Кейінгі онжылдықтарда қуаты бірнеше есеге артып, кеңестік индустрияландыру кезеңінде жылдық өндіріс көлемі 1 миллион тоннадан асқан тұстар болды. Шахтада әр кезеңде 2–3 мыңға жуық кенші еңбек етті, сол арқылы тұтас еңбек әулеттері қалыптасты. Алайда қателікті кешіре бермейін нарық кезеңіндегі экономикалық ахуал жаңғыртуды талап етіп отыр. Компания басшылығы өндірістік процестерді заманауи технологияларға көшіріп, еңбек өнімділігін арттыруды және 2,5 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап қалуды көздейді.
«Altyn Komir Service» директоры Рустам Шаяхметов кеніште белгілі бір түйткілдердің барын жасырмай, ашық айтып отыр.
– Өндіріс болған жерде қиындықтың болуы заңды. Біз оны жасырмаймыз, әр мәселені жұмысшылармен бірге талқылауға әзірміз. Диалогқа әрқашан ашықпыз, – дейді ол.
Бас директордың бұл мәлімдемесі компанияның жағдайды жылы жауып қоймай, шынайы түрде реттеу үшін нақты қадамдар жасап отырғанын көрсетеді.

Даудың соңы…
Киров кенішіндегі жағдай сіз бен біз ойлағандай қиын емес. Дегенмен, уақыт жоғалтпай шешуді қажет ететін мәселелер де жоқ емес. Жалақының кешігуі, әлеуметтік жарналарға қатысты берешек соның дәлелі. Компания бұл түйткілдердің бәрін уақытында реттеуге уәде беріп отыр. Бір анығы — ғасырлық тарихы бар шахта қазір шешуші кезеңде тұр. Жаңғырту өндірісті жаңа белеске шығарып қана қоймай, кеншілердің қауіпсіз әрі тұрақты еңбек етуіне жол ашуы тиіс. Ал қоғам үшін ең маңыздысы - жұмысшылардың еңбегі әділ бағаланып, құқықтарының сақталуы. Аталған мәселе бұдан кейінде біздің редакциясының назарында болады.
Аяжан ЕРАЛЫҚЫЗЫ