Қарағандыда Халықаралық балалардың құқығын қорғау күніне орай «Отаным - менің қорғаным» атты кездесу өтті

Фото: Life09

Қазіргі қоғамда өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық белсенділігін арттыру - маңызды басымдықтардың бірі. Осы мақсатта Қарағандыда Халықаралық балалардың құқығын қорғау күніне орай «Отаным - менің қорғаным» атты еркін сұхбат форматындағы кездесу өтті. Іс-шараны Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық білім басқармасы ұйымдастырды.

Кездесуге өңір мектептерінің оқушылары, ұстаздары және ата-аналары қатысты. Іс-шараға арнайы келген Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жас буын өкілдерімен пікір алмасып, олардың сауалдарына жауап берді. Ол өз сөзінде:

«Болашақта біз мұндай кездесулерді жиі ұйымдастырамыз. Бұған дейін де сіздердің түрлі іс-шараларға белсенді қатысып жүргендеріңізді көріп келемін. Барлығыңыз – талантты, дарынды жастарсыздар. Біздің елдің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан да бүгіннен бастап ойларыңызды ашық айтып, қоғамдық өмірге еркін араласуға дағдылана беріңіздер», - деп жастарға сенім білдірді.

1

Іс-шараның басты мақсаты – оқушыларды қоғамдық ортаға белсенді араласуға ынталандыру, олардың өз пікірін ашық білдіруіне жағдай жасау және тұлғалық дамуына қолдау көрсету.

Оқушылар да кездесудің маңыздылығын атап өтті. Абай атындағы мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Аяла Сержанқызы ерекше күнмен қатарластарын құттықтап, өзіне берілген мүмкіндіктің қуантатынын жеткізді.

Жиын барысында өңірдің қоғамдық өміріне белсенді үлес қосып жүрген оқушылар, педагогтар мен ата-аналар облыс әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер балалардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ өңірде бала құқығын қорғау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Бұл бастама – өскелең ұрпақтың өзін еркін сезініп, қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашатын маңызды қадам.

Автор: Айдана Таңатар